"Қасымда тек күйеуім қалды": Айдана Меденова ажырасу туралы қауесетке нүкте қойды

"Қасымда тек күйеуім қалды": Айдана Меденова ажырасу туралы қауесетке нүкте қойды
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші Айдана Меденова соңғы уақытта жеке өміріне қатысты тараған әңгімелерге жауап берді. Өнер иесі күйеуімен қарым-қатынасы туралы ашық айтып, отбасындағы жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші "Мамский әңгіме" подкастына берген сұхбатында желіде тараған ажырасу туралы қауесеттердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, соңғы уақытта өмірінде біраз өзгеріс болып, бұрын араласқан кейбір адамдарымен байланысын үзген.

Айдана Меденова қиын кезеңдерде жанынан табылған ең жақын адамы күйеуі екенін айтты. Ол отбасындағы татулықты бәрінен жоғары қоятынын және жұбайымен қарым-қатынасы берік екенін жеткізді.

"Адамдар айта береді. Ең бастысы – үйдегі атмосфера. Ондай нәрсе болған емес, болмайды да. Айналамызда көп нәрсе орын алды. Кейбір адамдармен мүлде араласпаймыз. Менің жанымда үнемі болған тек күйеуім. Біз бір-бірімізден шаршамаймыз. Құдай сақтасын ажырасудан", – деді әнші.

Өнер иесі көпшіліктің жеке өміріне қатысты түрлі болжам жасап, расталмаған ақпаратты таратуына да пікір білдірді. Оның айтуынша, жұрт арасында айтылып жүрген әңгімелердің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп жатқан ешкім жоқ.

"Адамдар басқаша айтып жүр. Біз оған үйренгенбіз. Бірақ ол ақпараттың рас-өтірігін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Егер бірдеңе болса, мен өзім жазамын парақшамда", – деп мәлімдеді Айдана Меденова.

Осылайша, әнші отбасында ажырасу мәселесі болмағанын айтып, ел арасында тараған қауесетті жоққа шығарды. Сондай-ақ өміріндегі өзгерістерге қарамастан, күйеуінің әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанын жасырмады.

Айдана Меденова кім?

Айдана Меденова – қазақстандық эстрада әншісі, танымал "КешYOU" тобының бұрынғы мүшесі. Ол 1991 жылы 28 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген.

Өнерлі отбасында тәрбиеленген Айдана бала кезінен музыкаға қызығып, фортепиано мен скрипка аспаптарын меңгерген. Кейін Алматыда интерьер дизайнері мамандығы бойынша білім алған.

2012 жылы "КешYOU" тобына қосылып, Жанар Дұғалова және Кәмшат Жолдыбаевамен бірге өнер көрсетті. Үш әншіден құралған бұл құрам көпшілік арасында топтың "алтын құрамы" атанды.

2015 жылы Айдана топтан кетіп, жеке шығармашылығын жалғастыруға шешім қабылдады.

Сол жылы "Indigo" және "FM" топтарының продюсері Әлішер Нұржановқа тұрмысқа шықты. Қазір өнер иесі үш баланың анасы. 

Біраз уақыт сахнадан қол үзген әнші 2026 жылы шығармашылығына қайта оралып, өнердегі үзілісінің себептері туралы сұхбаттарында айтып жүр.