Бомба туралы жалған хабар: Астана тұрғыны бас бостандығынан айырылды

Бомба туралы жалған хабар: Астана тұрғыны бас бостандығынан айырылды
gov.kz

Астанада полиция басқармасы ғимаратының маңына бомба қойылғаны туралы жалған хабар берген 34 жастағы қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға өткен жылдың қараша айында болған. Ер адам 102 арнасына қоңырау шалып, Байқоңыр аудандық полиция басқармасы ғимаратының алдындағы орындыққа жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Тексеру барысында ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Оның айтуынша, соңғы жылдары ауыр жеке күйзелістерді бастан өткеріп, психологиялық қиындықтарға тап болған.

Іс материалдарына сәйкес, бұған дейін де ол арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сот оның түсініктемесін, жеке басына қатысты мән-жайларды және істің барлық дәлелдерін зерделей отырып, қоғамға қауіп төндіретін мұндай әрекет қатаң жазалануы тиіс деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде сот астаналықты екі жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуді міндеттеді. Сонымен қатар оған маскүнемдіктен емделу курсынан өту жүктелді.