Freedom Inside '26

Болат Әбілов Мұхтар Жәкішевтің күйеу баласы туралы: «Белсенді, спортты сүйетін жігіт»

Болат Әбілов Мұхтар Жәкішевтің күйеу баласы туралы: «Белсенді, спортты сүйетін жігіт»
Болат Әбіловтың facebook парақшасынан

Белгілі қоғам қайраткері және кәсіпкер Болат Әбілов әлеуметтік желідегі парақшасында бұрынғы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынайды отау құруымен құттықтап, жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Әбіловтің айтуынша, Алтынайдың таңдауы Карл есімді Ұлыбританияда бірнеше ұрпақтан бері тұратын нигериялық отбасының өкіліне түскен. Ол Карлмен бірнеше жыл бұрын танысқанын және оның белсенді, спортты сүйетін, өмірде өз орнын тапқан азамат екенін атап өтті.

«Ең бастысы, оның біздің Алтынайға деген ықыласы мен қарым-қатынасы анық байқалады. Ал ата-аналар мен жақындары үшін бұл әрқашан ең маңызды нәрсе», – деп жазды Болат Әбілов.

Ол Кеңес Одағы тарағаннан кейін қазақстандық жастар үшін әлемнің есігі ашылғанын, олардың шетелде білім алып, жұмыс істеп, саяхаттап, өз тағдырын өздері қалыптастырып жатқанын айтты. Оның пікірінше, махаббат ұлтқа немесе туған жерге қарамайды.

«Махаббат ұлтты да, туған елді де сұрамайды. Ол бар немесе жоқ. Екі бақытты жасты көрген кезде қалғанының бәрі маңызды болмай қалады», – деді ол.

Әбілов Алтынайдың Лондонда тұрып, еңбек етіп жатқанын, модельдік мансабында табысқа жетіп, кәсібилігі мен еңбегінің арқасында танылғанын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ ол бұл күннің тек Алтынай үшін ғана емес, оның ата-анасы Мұхтар мен Жәмила Жәкішевтер үшін де қуанышты әрі толғанысқа толы сәт екенін айтты.

Болат Әбілов жас жұбайларға ұзақ ғұмыр, өзара сыйластық, даналық, берік отбасы және жылдар өткен сайын нығая түсетін шынайы махаббат тіледі.