Биыл 34 мың мұғалімнің жалақысы өсті

Биыл 34 мың мұғалімнің жалақысы өсті

Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева биыл аттестаттаудан өткен 34 мың ұстаз үстемеақыға ие болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Алдымен вице-министр жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 221 мың мұғалім дайындалғанын, олардың жалақысы өскенін атап өтті.

«Сондықтан мұғалімдердің еңбекақысына Елбасы тапсырмасы бойынша 30% үстемеақы төленіп жатыр. Биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. 2018 жылғы 1 қыркүйегінен жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өткен 34 мың мұғалім біліктілігіне байланысты 30%-тен 50%-ке дейін дейін үстемеақы алады», - деді Эльмира Суханбердиева Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде өтіп жатқан үкімет сағатында.

Сонымен қатар ол аттестаттаудан өте алмаған 11 мың мұғалім тестіні 3-4 қарашада қайта тапсырғанын айтты.

Естеріңізде болса, вице-министр мұғалім мәртебесі туралы заңды дайындауға кірісіп кеткендіктерін айтқан болатын.