Freedom Inside '26

Бюджет кірісі жоспардан асты: қазынаға 9,4 трлн теңге түсті

Бюджет кірісі жоспардан асты: қазынаға 9,4 трлн теңге түсті
ашық дереккөз

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша республикалық бюджетке түскен түсім көлемі 9,4 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Қаржы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, трансферттерді есепке алмағандағы бюджет кірістері 7,4 трлн теңгеге жетіп, есепті кезең жоспары 100,9 пайызға орындалған.

Салықтық түсімдер көлемі 7,2 трлн теңгені немесе жоспардың 100,5 пайызын құрады. Нәтижесінде жоспар 38,6 млрд теңгеге асыра орындалған. Ал салықтық емес түсімдер 166,2 млрд теңгеге жетіп, жоспардың 120,1 пайызына орындалды. Жоспардан тыс түскен қаражат көлемі 27,9 млрд теңгені құраған.

Сонымен қатар республикалық бюджетке Ұлттық қордан 1,4 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт тартылды.

Қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес, есепті кезеңде республикалық бюджет шығыстары 11,1 трлн теңгені құрап, жоспар 97,4 пайызға орындалған.

Осының нәтижесінде республикалық бюджет тапшылығы 1,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 0,9 пайызы деңгейінде қалыптасты.

Сондай-ақ нысаналы трансферттер аясында өңірлерге 187,4 млрд теңге бөлініп, оның 174,5 млрд теңгесі игерілген.

Қаржы министрлігі жалпы алғанда республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы жоспарлы деңгейден жоғары сақталғанын және өңірлерді қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілгенін атап өтті.