Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қахарманға қарсы берген миллиондаған теңге көлеміндегі талабына қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың қарашасында Альмира Нұрлыбекова Назым Қахарманға үй-жайын 2029 жылғы 31 қазанға дейін сенімгерлік басқаруға берген. Келісім бойынша мүлік сенім білдірушінің мүддесі үшін басқаруға тапсырылған.
Нұрлыбекова сотқа берген талап арызында Назым Қахарманның аталған нысанды жалға беріп, одан табыс алғанын, алайда түскен қаражатты өзіне аудармағанын айтқан. Сондай-ақ толық есеп пен растайтын құжаттар берілмегенін көрсеткен.
Талапкер жауапкерден:
- 14 074 771 теңге – шарт талаптарын тиісінше орындамағаны үшін;
- 247 415 теңге – мемлекеттік баж;
- 800 мың теңге – өкілдің қызметіне кеткен шығынды өндіруді сұраған.
Ал Назым Қахарман талап арыздағы сома мен оны өндіріп алуға негіздердің негізсіз екенін айтып, талапты қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
Сот тараптар ұсынған құжаттарды, соның ішінде жалға алушылардан түскен қаражат, жүргізілген төлемдер мен есеп айырысулар туралы мәліметтерді зерттеген.
Нәтижесінде сот талапты ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімімен Назым Қахарманнан:
- 6 665 391 теңге;
- 66 654 теңге мемлекеттік баж;
- 666 539 теңге өкіл қызметіне жұмсалған шығын өндірілетін болды.
Қалған бөлігі қанағаттандырылмады. Сот өндірілетін соманы есептеу кезінде тек құжатпен расталған, жауапкерге нақты түскен және қайтарылмаған немесе сенімгерлік басқару шарты бойынша көзделген шығындарға жұмсалмаған қаражатты ескерген.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым беруге болады.