Алматыда ондаған отбасы бірнеше жыл бұрын сатып алған баспанасынан айырылып қалу қаупімен бетпе-бет келді. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше адамға сатып, кейбір жылжымайтын мүлікті банкке кепілге қойған. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Жәбірленушілердің сөзінше, олар таунхаустарды құрылыс енді басталған кезде сатып алған. Алайда кейін өздері иелік етеміз деген үйлердің басқа адамдардың атына рәсімделгенін білген.
Кейбір тұрғындар бұл баспана үшін ипотека рәсімдесе, енді бірі барлық жинағын жұмсаған, тіпті бұрынғы үйін сатып жіберген.
Тұрғындардың бірі Әсем Төлеубаеваның айтуынша, өзі пәтерді 70 миллион теңгеге қолма-қол сатып алған.
«Біз бұл пәтерді заңды түрде сатып алдық. Кейін дәл сол баспананың басқа адамға да сатылғанын білдік. Өз пәтерімізді қайтарып беруді талап етеміз», – деді ол.
Тұрғын үй кешенінің құрылысы 2021 жылдың қазан айында басталған. Пәтерлердің бір бөлігі іргетасы қаланбай тұрып сатылған. Бағасы 40-70 миллион теңге аралығында болған. Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Кейбірі тіпті кілтін алып, жөндеу жұмыстарын бастап кеткен.
Орал қаласының тұрғыны Бағдагүл Әжіғалиева жалғыз баспанасын сатып, Алматыдан 52 миллион теңгеге таунхаус алғанын айтады. Кейін өз пәтерінің басқа адамның атына рәсімделгенін білген.
Тағы бір тұрғын Тахмина Асанова аяқталмаған үйге амалсыз көшіп кіргендерін айтты. Оның сөзінше, тұрғындар су мен электр энергиясы үшін заңды тұлғаларға арналған жоғары тарифпен төлейді. Қыс айларында коммуналдық төлем айына 250-300 мың теңгеге дейін жеткен.
Адвокат Анар Қатебаеваның айтуынша, сатып алушылар негізгі сатып алу-сату емес, тек алдын ала шартқа қол қойған. Сондықтан заң жүзінде олардың баспанаға меншік құқығы рәсімделмеген. Сонымен қатар құрылыс салушы жер телімін банкке кепілге қойып, несиесін өтемеген.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда 22 пәтер банк кепілінде тұр. Құрылыс аяқталғаннан кейін де компания үлескерлердің келісімінсіз құжаттарды рәсімдеп, пәтерлерді өзге адамдардың атына тіркеген.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында компанияның үш қызметкері күдікті деп танылып, сот санкциясымен қамауға алынды. Кінәсі дәлелденсе, олар мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді ол.