Атырауда концертмейстер болып жұмыс істеген әйелді кәсіби біліктілігі жеткіліксіз деген себеппен жұмыстан шығарған мекеме сотта жеңілді. Сот қызметкерді бұрынғы қызметіне қайта орналастырып, жұмыссыз қалған кезеңнің жалақысын төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды ult.kz.
Атырау қалалық сотының мәліметінше, 2025 жылғы 28 тамызда іріктеу комиссиясы әйелдің музыкалық білімі жеткіліксіз әрі дауысты дұрыс қоя алмайтыны туралы қорытынды шығарған. Осыдан кейін жұмыс беруші онымен жасалған еңбек шартын бұзған.
Алайда қызметкер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Сот жұмыс берушінің әрекетін заңсыз деп таныды. Себебі әйелдің кәсіби біліктілігінің жеткіліксіздігі аттестаттау нәтижесімен расталмаған.
Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкерді біліктілігі төмен деген негізбен жұмыстан шығару үшін бұл жағдай аттестаттау қорытындысымен дәлелденуі тиіс.
Сот талап-арызды толық қанағаттандырып, жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күшін жойды. Жұмыс беруші әйелді қызметіне қайта орналастырып, амалсыз бос жүрген кезеңі үшін орташа жалақысын төлеуге міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.