Қазақ киносының белгілі актері Досхан Жолжақсынов әйгілі “Қыз Жібек” фильміне қатысты маңызды мәселені көтерді. Ол журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында фильмдегі тарихи камзолдың тағдырына алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі “Қыз Жібек” бейнесі мен оны сомдаған актриса Меруерт Өтекешованың есімі халық жадында бірге сақталғанын атап өтті. Оның пікірінше, кино арқылы қалыптасқан мәдени мұра тек өнер туындысы емес, ұлттың тарихи жады ретінде бағалануы тиіс.
Актер әсіресе фильмде қолданылған камзол сияқты жәдігерлердің сақталуы маңызды екенін айтып, олардың арнайы музейлерде қорғалуы қажет екенін жеткізді.
«Қыз Жібекті ойнаған – Меруерт. Қыз Жібек деген бейне – халықтың жадында бірге. Осындай дүниелер жоғалмауы керек. Олар Шәкен Айманов музейінде немесе Орталық музейде сақталуы тиіс еді», — деді ол.
Жолжақсыновтың айтуынша, мұндай тарихи киімдер ұлттың мәдени мұрасын көрсететін құнды жәдігер ретінде сақталуы керек. Ол осы мәселеге алаңдап, қоғамның рухани құндылықтарға деген көзқарасына сын айтты.
«Біз қай бағытта бара жатырмыз? Біреуді есте сақтау үшін, ол адам өмірден өтуі керек пе?» — деп қынжылысын білдірді актер.
Оның пікірінше, өнер мен мәдениетке қатысты осындай дүниелер жоғалмай, келер ұрпаққа жеткізілуі тиіс.