Бекет ата мешітіне бара жатқан үш адам жоғалып кетті. Жоғалғандармен соңғы байланыс 2 шілде күні болған, деп хабарлайды ult.kz dalanews.kz сайтына сілтеп.
Әлеуметтік желіде жоғалған адамдар туралы жазбаны олардың туысы жариялап, іздеу салынған азаматтардың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білетіндерден хабарласуды сұрады.
Кейін Ақтау қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі Бекет ата мешіті бағытына жолға шыққаннан кейін байланысқа шықпай қалған үш азаматқа іздеу жариялады.
Полиция мәліметінше, 2026 жылғы 2 шілде күні шамамен сағат 16:15-те Great Wall маркалы көлікпен, мемлекеттік нөмірі 010 FZA 12, Бекет ата мешіті бағытына мына азаматтар жолға шыққан:
Жұбатқанов Қанатбек Кеңесбайұлы, 1991 жылғы 16 тамызда туған;
Бисенова Ақмарал Раймбердіқызы, 1995 жылғы 6 ақпанда туған;
Бисенова Мархабат Раймбердіқызы, 2005 жылғы 13 шілдеде туған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жоғалғандармен соңғы байланыс сол күні болған. Олар WhatsApp мессенджері арқылы Бекет ата мешітінің аумағынан видео жіберген. Осыдан кейін байланысқа шықпай қалған. Содан бері олардың қайда екені белгісіз.
Қазіргі уақытта криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Полицияның жеке құрамы, учаскелік инспекторлар және қоғам өкілдері жоғалған азаматтарды іздеуге және олардың болуы мүмкін орындарын тексеруге жұмылдырылды.
Полиция өңір тұрғындарын мұқият болуға шақырады. Егер іздеудегі азаматтардың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз немесе тергеуге көмектесетін мәліметіңіз болса, Ақтау қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөліміне дереу хабарлау қажет.
Байланыс телефондары: 102, 8 (775) 421-94-96, 8 (775) 509-87-97.
Кез келген ақпарат, тіпті елеусіз болып көрінсе де, жоғалғандардың мекенжайын анықтауға және оларды тезірек табуға көмектесуі мүмкін.