Алматы әкімдігі метроның "Қалқаман" станциясынан "Барлық" базарына дейін созылатын жаңа желісін жобалау бойынша тендер жариялады. Жобаға шамамен 3 млрд теңге бөлінуі жоспарланған, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сәйкес, конкурсқа қатысуға өтінімдер 9 маусымға дейін қабылданады.
Жобалау-сметалық құжаттамаға сай, жаңа желі Абай даңғылы бойымен Алатау даңғылына дейін, одан әрі Райымбек даңғылына шығып, кейін "Барлық" базарына дейін жалғасады. Бағыт бойында үш жаңа метро бекеті салынады. Барлығы аралдық платформасы бар, терең емес жер асты станциялары болады.
Жоба аясында үшінші бекетте Райымбек даңғылының астынан өтетін екі шығысы бар жерасты өткелі қарастырылған. Жаяу жүргіншілер тоннельдерінде қоғамдық дәретханалар мен банкоматтарға арналған орындар жабдықталуы тиіс.
Құрылыс және әрлеу жұмыстарында қазақстандық өнімдерге басымдық беріліп, өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарға сай материалдар қолданылуы қажет.
Сондай-ақ әр станцияның кемінде бес түрлі ракурстан жасалған егжей-тегжейлі 3D-моделі әзірленеді. Жобалау барысында Алматының сейсмикалық ерекшеліктері ескеріліп, арнайы нормативтік талаптар сақталуы тиіс.