Банк шоттары босап, интернет өше ме? Мамандар жауап берді

Банк шоттары босап, интернет өше ме? Мамандар жауап берді
Тоқаев: Еліміздің мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне кибершабуыл жасала бастады

Әлеуметтік желілерде 17 қарашада әлемде жаппай кибершабуыл болып, банк шоттарындағы ақша жоғалады, ал интернет үш айға дейін өшіріледі деген ақпарат тарады. Осыған байланысты жұртшылыққа азық-түлік пен су қорын жинауға кеңес берілген. Алайда бұл мәліметтер шындыққа жанаспайды. Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы қауесеттің қайдан шыққанын анықтап, оның негізгі тұстарын жоққа шығарды, деп хабарлайды ult.kz.

Орталықтың мәліметінше, дүрбелеңге себеп болған алғашқы жазба 1 қарашада X әлеуметтік желісінде жарияланған. Wesley лақап атымен тіркелген қолданушы «даркнеттегі анонимді дереккөзге» сілтеме жасап, алдағы цифрлық апат туралы хабар таратқан. Кейін оған кейбір елдер төтенше жағдайға дайындалуға кеңес берді деген ақпарат қосылып, қауесет одан әрі өршіген.

Мамандар банк шоттарындағы қаражатты бір ғана кибершабуыл арқылы жаппай жою туралы мәлімдеменің негізсіз екенін түсіндірді. Банктердің деректері бірнеше орталықта сақталады, ал қаржы ұйымдарында ақпараттық жүйелерді қалпына келтіру жоспарлары болуы тиіс.

Интернеттің үш айға өшірілетіні туралы да ресми дәлел жоқ. Бразилияның Boatos.org фактчекинг ресурсы мұндай ақпаратты растайтын дереккөз табылмағанын хабарлады.

Ал 17 қарашаға қатысты шынайы ақпарат – АҚШ-та төтенше жағдайлар жөніндегі хабарлау жүйесінің жоспарлы сынағы өтеді. Оның барысында радио мен телеарналарда бір минуттық сынақ сигналы беріледі. Бұл шараның жаһандық кибершабуылға қатысы жоқ.

Қазақстанда да интернеттің өшірілетіні туралы ескерту жасалмаған. Төтенше жағдайлар министрлігі мұндай мәліметті жоққа шығарды. «Қазақтелеком» АҚ желінің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Кибершабуылды талдау және тергеу орталығы да қауесеттің ресми дереккөздерде расталмағанын мәлімдеді.

Мамандар азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға және «ақшаңызды кибершабуылдан қорғаймыз» деген күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.