Балаларға тегін алаң салып берген кәсіпкерге сот 1,25 млн теңге өтемақы төлеуді міндеттеді

Балаларға тегін алаң салып берген кәсіпкерге сот 1,25 млн теңге өтемақы төлеуді міндеттеді
egemen.kz

Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Волгодоновка ауылында өз қаражатына балалар ойын алаңын салып берген кәсіпкер сот шешімімен 1,25 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды ult.kz.

Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, кәсіпкер 2025 жылы ауылдағы бос жатқан жерді абаттандырып, балаларға арналған ойын кешенін, әткеншектер мен ағаштан жасалған күрке орнатқан. Алайда сол жылы алаңда ойнап жүрген кішкентай қыз сырғанақтан құлап, басынан жарақат алған.

Осыдан кейін баланың анасы сотқа жүгініп, ойын алаңы қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмегенін алға тартқан. Оның айтуынша, сырғанақтың айналасында арнайы қауіпсіздік жабыны болмаған.

Бір жылға жуық қаралған істің қорытындысында сот талап-арызды қанағаттандырып, кәсіпкерге зардап шеккен баланың отбасына материалдық және моральдық шығын үшін жалпы 1,25 миллион теңге өтемақы төлеу жөнінде шешім шығарды.

Кәсіпкер бұл шешіммен келіспейтінін айтқанымен, сот үкімін орындайтынын жеткізді.

– Бала ойын алаңында ересектердің қарауынсыз жүрген. Ал сырғанақ қауіпсіздік талаптарына сай арнайы пластиктен жасалған болатын, – дейді ол.

Оқиғадан кейін кәсіпкер ойын алаңын толықтай бұзып тастаған. Оның айтуынша, ойын құрылғылары мен ағаш күрке көрші ауданға берілген, ал алаң орналасқан жер бұрынғы қалпына келтірілген.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшілік кәсіпкерді қолдап, өтемақы сомасын жинап беруді ұсынды. Алайда ол қаржылай көмектен бас тартып, сот шешімін өз қаражатымен орындайтынын мәлімдеді.

Кәсіпкердің сөзінше, балалар игілігі үшін салынған ойын алаңын бұзу оңайға соқпаған. Дегенмен осы оқиғадан кейін мұндай жауапкершілікті қайта мойнына алуға дайын емес екенін айтты.