Балаларды онлайн қорғау: Қазақстан Instagram мен "ВКонтакте"-ге қатысты шараны күшейтпек

Балаларды онлайн қорғау: Қазақстан Instagram мен "ВКонтакте"-ге қатысты шараны күшейтпек
istockphoto.com

Қазақстанда биылғы жылдың басынан бері әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда заңсыз әрі балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін 27 631 материал анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

ұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Министрдің мәліметінше, анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі онлайн казино қызметін насихаттауға қатысты. Мұндай материалдардың саны 13 806-ға жеткен.

Сонымен қатар мониторинг барысында:

есірткіні насихаттайтын – 7 448;

порнографиялық сипаттағы – 6 034;

суицидті насихаттайтын – 172;

кәмелетке толмағандардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін – 119;

зорлық-зомбылықты насихаттайтын 52 материал анықталған.

Заңсыз және балалар үшін қауіпті контент ең көп Instagram әлеуметтік желісінде тіркелген. Онда 9 532 құқық бұзушылық анықталды.

Одан кейін:

"ВКонтакте" – 8 503;

YouTube – 3 340;

Telegram – 3 018;

TikTok – 2 820 құқық бұзушылықпен тіркелген.

Аида Балаеваның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі балаларды, оның ішінде онлайн ойындардағы қауіптерден қорғау тетіктерін күшейту мақсатында халықаралық тәжірибені зерделеп, ірі онлайн платформалармен консультациялар жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ ведомство заңсыз контентті жедел жою және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін материалдардың таралуына жол бермеу үшін онлайн платформалар әкімшіліктерімен өзара жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.