Қызылордада балабақша тәрбиешісінің бүлдіршіндерге дөрекі қарым-қатынас жасағаны бейнеленген видео әлеуметтік желілерде қызу талқылануда, деп хабарлайды ult.kz.
Кадрларда тәрбиешінің балалардың біріне күш қолданғанға ұқсас әрекеттері байқалады. Бұл жағдай желі қолданушыларының алаңдаушылығын тудырып, олар жауапты органдардан тиісті шара қабылдауды талап етті.
Оқиғаға қатысты Қызылорда облыстық Полиция департаменті түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері бейнежазбаларды зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Сондай-ақ облыстық Білім басқармасына тиісті ұсыныс жолданған.