Бағдагүл емші Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға қомақты қаржы төлейтін болды: Сот шешім шығарды

Бағдагүл емші Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға қомақты қаржы төлейтін болды: Сот шешім шығарды
Коллаж: әлеуметтік желі

Ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесова әкімшілік жауапқа тартылды. Сот оны продюсер Баян Алагөзова мен журналист Динара Сәтжанға қатысты жала жабу бойынша кінәлі деп танып, 1 млн 557 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлайды ult.kz.

Сотта жәбірленуші ретінде танылған Баян Алагөзова емшінің әлеуметтік желідегі мәлімдемелері өзіне моральдық тұрғыда ауыр тигенін айтты.

Оның сөзінше, Лепесова тікелей эфирде өзі туралы есірткіге тәуелді екені, мемлекеттен қаржы алып, оны жеке қажетіне жұмсайтыны және басқа да айыптаулар айтқан.

«Мені қорлады, кемсітті. Мұның бәрін тыңдап отыруға лайықты емеспін. Барлық порталдан көрдім. Осы себепті тіпті TikTok парақшамды өшіріп тастадым. Тұлға, адам ретінде еңсеңді езіп жібереді. Есірткіге құмар, мемлекеттен ақша алып, жігіттерді жалдайды, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсайды деп айтқан. Көп қорлап, жала жапты. Мен әділ шешім шығарып, Лепесованы жазалауды сұраймын», – деді Алагөзова.

Ал Бағдагүл Лепесова сотта даулы бейнежазбаға қатысы жоқ екенін айтып, тағылған айыппен келіспеді. Оның қорғаушысы да Лепесованың бұл видеоны өзі түсірмегенін және жәбірленушілерге қатысты мұндай пікірлер айтпағанын алға тартты.

Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Соңғы уақытта оның тікелей эфирлердегі мәлімдемелері қоғам арасында жиі талқыға түсіп жүр.

Бұл дауға журналист әрі тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты айтылған сөздер де себеп болған. Кейін Сәтжан емшінің қызметі мен табысына байланысты бірқатар сұрақ көтерді.

Атап айтқанда, ол «ақылы бата» арқылы түсетін қаражаттың қайда аударылатынын, салық төлей ме және адам емдеуге тиісті лицензиясы бар ма деген мәселелерді анықтауды ұсынды.

Сот шешімімен Бағдагүл Лепесова әкімшілік жауапқа тартылып, оған 1 млн 557 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.