Алматыдағы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған шетелдік Вьетнамнан экстрадицияланды

Алматыдағы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған шетелдік Вьетнамнан экстрадицияланды
Видеодан скриншот

Алматыдағы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген шетел азаматы Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы, Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросы және Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде халықаралық іздеуде жүрген күдікті елге жеткізілді.

Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейсовтің айтуынша, күдікті 2022–2023 жылдары сыбайласымен бірге Алматы қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, осы әрекеттен 12 миллион теңгеден астам қылмыстық табыс тапқан.

– Қылмыс жасалғаннан кейін сыбайластардың бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал екіншісі құқық қорғау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған болатын. Биыл ақпан айында ол Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды, – деді Ерлан Жанпейсов.

Ведомствоның мәліметінше, аталған қылмыс бойынша күдікті кінәлі деп танылса, оның мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға World Business Consulting қаржы пирамидасы ісі бойынша күдікті де экстрадицияланған болатын.