Әзербайжанның Баку қаласы мен өзге де елді мекендерінде мектеп формасына қатысты жаңа талаптарға қарсы наразылықтар өтіп жатыр. Жаңа ережелер мектепке хиджаб киіп келуге тыйым салады. Елдің Ішкі істер министрлігі 37 адамның ұсталғанын хабарлады, деп хабарлайды ult.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, тәртіп сақшыларының әрекеті көлік қозғалысының бұзылуына жол бермеу, білім беру ұйымдарының қалыпты жұмысын қамтамасыз ету және оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында жүргізілген.
Қыркүйек айының соңында Әзербайжан үкіметі мектеп формасына қатысты ережелерге өзгерістер енгізген. Оған сәйкес, мектеп формасынан ерекшеленетін немесе білім берудегі зайырлылық қағидатына қайшы келетін киімдерді киюге тыйым салынған.
Алайда құжатта зайырлылық қағидатына қайшы келетін киімдердің нақты қандай екені көрсетілмеген. Осыған байланысты кейбір сарапшылар бұл талап хиджабқа да қатысты болуы мүмкін екенін айтқан.
Бұдан кейін кейбір мектептерге оқушылар мен мұғалімдерді кіргізбегені туралы шағымдар түсе бастаған. Соңғы күндері ата-аналар мен оқушылар наразылық акцияларын өткізіп, сабаққа бойкот жариялаған.
Minval Politika басылымының мәліметінше, Бакудің Гарадаг ауданында наразылық білдірушілер мектеп директорының көлігін өртеген. Ал Ясамал ауданында жиналғандар мектептердің бірінде өрт шығаруға әрекеттенгенімен, өрттің алдын алу мүмкін болған.
Oxu Az басылымы наразылық білдірушілердің қоғамдық тәртіпті бұзып, мемлекеттік мүлікке зиян келтіргенін және діни ұрандар айтқанын хабарлады.