Азаматтық қоғамның дамуына жастардың қосар үлесі зор. Бүгінде жастар ұйымдары азаматтық белсенділікті арттырумен қатар, жас буынның еңбекке араласуына, кәсіби дамуына және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруына ықпал етіп келеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ «Мансап орталығының» директоры Бағила Сайлаубекқызы кеңінен әңгімелеп берді.
– Азаматтық қоғамды қалыптастыруда жастар ұйымдарының рөлі қандай?
– Жастар ұйымдары – қоғам мен жастар арасындағы маңызды көпір. Олар жас азаматтардың белсенділігін арттырып, волонтерлік мәдениетті, көшбасшылық қасиеттерді және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жастардың жұмыспен қамтылуына, кәсіби бағдар алуына, әлеуметтік бейімделуіне және өз әлеуетін жүзеге асыруына қолдау көрсетеді. Осы бағытта Мансап орталығы жастарға тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ұсынумен қатар, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік береді.
– Астана қаласының жастарға қолайлы орта ретінде қалыптасуында Мансап орталығының рөлі қандай?
– Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ жанындағы «Мансап орталығы» жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына бейімдеуге және тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді жұмыстарды жүзеге асырады. Орталыққа жүгінген азаматтарға олардың білімі мен тәжірибесіне сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылады. Егер лайықты тұрақты жұмыс табылмаған жағдайда, уақытша жұмыспен қамту шаралары қарастырылады. Олардың қатарында әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, «Жастар практикасы», қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға арналған мемлекеттік гранттар бар.
2026 жылдың басынан бері Мансап орталығына жұмыспен қамту мәселесі бойынша 18 845 жас азамат жүгінді. Оның ішінде 5 634 адам белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылды.
Қазіргі уақытта елордада 6 704 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның 4 318-і – әйел, 2 386-сы – ер адам. Жалпы тіркелген жұмыссыздардың ішінде 1 056 адам белсенді жұмыспен қамту шараларына қатысып жатыр. Ал 3 413 азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алса, 2 235 жас тұрақты жұмыс іздеу үстінде.
Жыл басынан бері субсидияланатын жұмыс орындарына 940 жас жолданды. Оның ішінде 210 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, 114 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, ал 616 жас қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Кәсіпкерлік белсенділікті дамыту мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл «Бастау Бизнес» жобасы аясында 457 жас кәсіпкерлік негіздерін оқып шықты. Сонымен қатар 470 жас skills.enbek.kz платформасы арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды меңгерді.
Жұмыссыз жастардың білім деңгейіне келсек, олардың 2 418-інің жоғары, 1 654-інің арнайы орта, ал 1 546-сының негізгі орта білімі бар.
– Қазіргі таңда елорда жастары көбіне қандай мамандықтарға қызығушылық танытады?
– Байқағанымыздай, бүгінгі жастардың басым бөлігі еңбек жағдайы жеңіл әрі жалақысы жоғары жұмыс орындарын таңдауға бейім. Көбіне Мансап орталығына заңгер, бухгалтер, қаржыгер, экономист, түрлі пән мұғалімдері және ІТ саласының мамандары жүгінеді.
Алайда еңбек нарығындағы сұраныс бұдан өзгеше. Жұмыс берушілер арасында құрылыс саласының мамандарына қажеттілік жоғары. Атап айтқанда, құрылысшы-техник, тас қалаушы, әртүрлі инженерлік жүйелер мен жабдықтарды монтаждаушы, байланыс монтаждаушысы, электрик, электрмен және газбен дәнекерлеуші, құрылыс техникаларының машинисі, кран машинисі, жүк автокөлігінің жүргізушісі және слесарь-сантехниктерге тұрақты сұраныс бар.
Білім беру саласында мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері, тәрбиеші көмекшілері және орыс сыныптарына сабақ беретін пән мұғалімдері қажет.
Сонымен қатар медицина және ІТ салаларында дәрігерлерге, орта буын медицина қызметкерлеріне, бағдарламашылар мен аналитиктерге сұраныс сақталып отыр.
– Астанада жастарды жұмыспен қамту бағытында қандай бағдарламалар іске асырылуда? Жас мамандардың тәжірибе жинауына мүмкіндік жеткілікті ме?
– Жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастыруға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар.
Соның бірі – «Жастар практикасы». Бұл бағдарлама 35 жасқа дейінгі колледж және жоғары оқу орындарының түлектеріне өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Қатысушылар бір жылға дейін жұмыс істеп, мемлекет тарапынан 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы алады.
Сонымен қатар ақылы қоғамдық жұмыстар бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған жұмыссыз азаматтар, студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары сабақтан тыс уақытта қатыса алады. Бағдарламаға қатысушылар 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде еңбекақы алып, бір жылға дейін еңбек етуге мүмкіндік алады.
«Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы аясында азаматтар бір жыл мерзімге жұмысқа орналасады. Бұл жағдайда еңбекақы мөлшерін жұмыс беруші белгілейді, ал оның белгілі бір бөлігін Мансап орталығы субсидиялайды.
Бұдан бөлек, жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өте алады. Бұл – еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау мен қайта даярлаудың маңызды тетіктерінің бірі. Оқыту жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес оқу ұйымдарында немесе тікелей жұмыс орындарында жүргізіледі. Курстың ұзақтығы бір айдан үш айға дейін созылады. Оқу кезеңінде тыңдаушылар шәкіртақы алады, ал жұмыс орнында оқитын азаматтарға жұмыс беруші тарапынан 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде еңбекақы төленеді.
– Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытында қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Мемлекет жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар береді. Алайда бұл гранттар халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарға арналған.
Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылардың мүшелері, асыраушысынан айырылған азаматтар, өңіраралық қоныс аударушылар, «қандас» мәртебесі бар тұлғалар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар бар.
Грантқа жұмыссыз азаматтар немесе мемлекеттік тіркеуден өткеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер үміткер бола алады.
Мемлекеттік грант қайтарымсыз негізде 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі.
Грант алуға өтініш білдіретін азаматтың соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығанын растайтын сертификаты болуы қажет.
Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту skills.enbek.kz платформасы арқылы ұйымдастырылады. Ал мемлекеттік грантқа өтінімдер business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.
– Әңгімеңізге рақмет!