Freedom Inside '26

Азамат Сатыбалдының жары бұрын-соңды айтпаған шындығын айтты

Азамат Сатыбалдының жары бұрын-соңды айтпаған шындығын айтты
Коллаж: әлеуметтік желі

Қазақстандық актриса, продюсер, режиссер, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығы мен “Тарлан” тәуелсіз сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін жайттарды бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы ең алдымен отбасына қатысты орынсыз сұрақ қоятын адамдардың әрекетіне қынжылатынын айтты. Оның сөзінше, әсіресе “Неге бір-ақ бала сүйдіңіз?” деген сауал жиі қойылады.

“Маған “Неге бір баладан артық тумадың?” деп сұрайтын адамдарды қалай атарымды білмеймін. Мұны надандық па, әлде білімсіздік пе деуге болады. Құдайдың бергеніне қарсы келе алмаймыз ғой. Бір ұлымыз бар, соған шүкіршілік етеміз. Маған жақын адамдар ондай жеке сұрақ қоймайды. Керісінше, алыстау таныстарым өмірімнің бәрін білгісі келеді”, – деді актриса.

Сұхбат барысында Назгүл Қарабалина алғашқы күйеуі Азаматқа алғаш болып өзі ғашық болғанын да жасырмады. Оның айтуынша, студенттік шағында Азамат оған бірден көңіл аудармаған.

“Шынын айтсам, академияда оқып жүргенде Азамат мені онша ұнатқан жоқ. Ал алғаш ғашық болған – мен едім. Оның назарын аударсам, мені байқаса екен деп армандайтынмын”, – деп еске алды өнер иесі.

Актриса сол кезеңде сүйіктісіне арнап арнайы альбом жүргізгенін де айтты. Онда ол Алладан екеуінің тағдырын қосуды тілеп, болашақта Азаматтың ата-анасына қамқор болып, көпбалалы әулетімен тату-тәтті өмір сүруге ниет еткенін жазған.

“Ол кезде Азамат басқа қызды ұнататын. Мен күнделігіме: “Уа, Алла! Егер Азамат маған назар аударып, біз отбасын құрсақ, оның зейнеткер ата-анасына қамқор боламын. Тоғыз бауырымен де жақсы қарым-қатынаста боламын. Тек бізді қоса гөр”, – деп тілейтінмін”, – деді ол.

Назгүл Қарабалинаның айтуынша, кейін Азамат әлгі жазбаларды кездейсоқ оқып қойған. Актриса осы оқиғадан кейін оның көзқарасы өзгерген болуы мүмкін екенін айтты.

“Бір күні Азамат сол жазбаларды оқып қойыпты. Содан кейін ойланған шығар. Менің сезімім шынайы болды. Ал ол бастапқыда есеппен үйленді. Қазір, әрине, жақсы көреді”, – деп түйіндеді актриса.