Танымал продюсер Баян Мақсатқызы әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен қарияның тойда айтқан сөзіне қатысты өз көзқарасын жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Продюсер мұндай мәлімдемелердің қоғамда орын алмауы тиіс екенін айтып, оны айтқан адам заң аясында жауапқа тартылады деген үмітін жеткізді.
«Бұл адамды жауапкершілікке тартады деп үміттенемін. Келесі жолы осындай адамдардың қолынан микрофонды тартып алып, арырақ қуып жіберу керек. Сендерге, діни фанаттарға, қанша рет айту керек? Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және сендердің ескі діни көзқарастарыңды таратуға жол бермейміз. Ауғанстанға кетіңдер, ол жақта шариғат заңымен өмір сүреді», – деп жазды Баян Мақсатқызы.
Еске салайық, соңғы күндері әлеуметтік желілерде ер адамның той үстінде әйелдер мен өнер адамдарына қатысты айтқан пікірі кеңінен тарап, қоғамда қызу пікірталас тудырған болатын. Ол әйелдерді ұрғашыға теңеп, тойла ерлер мен әйелдер бөлек-бөлек отыру керегін айтқан.