Әуежайлар мен вокзалдардағы намазханалар қайта ашылуы мүмкін

Әуежайлар мен вокзалдардағы намазханалар қайта ашылуы мүмкін

Қазақстанда әуежайлар, вокзалдар мен порттардағы намазханаларға салынған тыйым қайтадан алынуы мүмкін. Бұл жайында бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмыс нәтижесіне арналған қоғамдық кеңес отырысында министр Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің жұмысымыздағы маңызды элемент  бұл діни бірлестіктермен ынтымақтастықтың кең форматы және ашық сұхбаттастық. Министрлік жанында Дін мәселелері жөніндегі сарапшылар кеңесі мен Діни басшылар, көшбасшылары жиналысы жұмыс істейді. Жыл сайын дінтанушылардың форумы өтіп тұрады. 12 конфессияның өкілдері, құқық қорғаушылар мен сарапшылар аталған сұхбат алаңының тұрақты қатысушысы болып отыр. Біз діни саясат әдістерін бірлесіп дайындап, өзекті мәселелерді талқылаймыз», - деді ол.

Оның айтуынша, аталған алаңда министрлік әзірлеп жатқан дін саласындағы жаңа заң жобасының тұжырымдамасы жан-жақты талқыға түскен.

«Сарапшылар қоғамдастығымен ынтымақтастық барысында мемлекеттік ұйымдарға тақау намаз оқу бөлмелерінің орналасуына шектеу қоюды жою бойынша нұсқаулық енгізілді. Бұған дейін мұндай бөлмелерді 300 метрден жақын орналастыруға болмайтын еді. Қазіргі сәйкесінше бұйрық дайын болып қалды. Таяу уақытта ол шығады деп күтіп отырмыз және мұндай шектеулер әзірше діни оқу орнынан бөлек білім ордалары үшін ғана қалады. Сонымен қатар жаңа нұсқаулық темір жол вокзалдарында, автовокзалдарда, әуежайлар мен теңіз проттарында намаз бөлмелерін ашуға тыйымды алып тастайды. Діни әдебиеттерді сатуға арналған арнайы орындар оқу мекемесі төңірегінен 300 метрден алыс кез келген жерде орналаса алады», - деді Нұрлан Ермекбаев.    


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/auezhaylar-men-vokzaldardagy-namazhanalar-kayta-ashyluy-mumkin_a3015096