Әуежайда қауіпті әзіл: жалған жауап берген жолаушы жазаланды

Әуежайда қауіпті әзіл: жалған жауап берген жолаушы жазаланды
egemen.kz

Атырау халықаралық әуежайында «Атырау–Шымкент» бағыты бойынша №788 рейске тіркелу кезінде 34 жастағы Түркістан облысының тұрғыны тексеру барысында әуежай қызметкерлерінің «заңға қайшы заттар бар ма?» деген сұрағына «тапанша бар» деп жауап берген. Осыдан кейін жолаушы рейске жіберілмей қалды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 19 мамыр күні болған. Кейін жүргізілген тексеріс барысында азаматтың айтқан мәлімдемесі шындыққа жанаспайтыны анықталды.

"Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, іс Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Көліктегі полиция департаменті азаматтарды әуежайда жалған ақпарат беруден бас тартуға және қоғамдық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады", делінген Атырау станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің хабарламасында.

 

Айта кетейік, бұған дейін пойыздарда мас күйінде жүрген жолаушылар саны артқаны туралы хабарланған болатын.