Атыраудағы қайғылы оқиға: Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен қауышты

Атыраудағы қайғылы оқиға: Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен қауышты
Фото: әлеуметтік желі

Атырауда қайын жұртының төрт мүшесін өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиева балаларын көрді. Бұл туралы журналист Жанат Молдашева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Журналистің айтуынша, қазіргі таңда Ақбаянның жағдайын оның туыстары бақылап отыр. Жақындарының сөзінше, ол ауруханадан үйіне шыққан. Бұған дейін туыстары Ақбаянның үйге шыққаны туралы ақпаратты әзірге жарияламауды сұраған.

«Иә, Ақбаянды бауырлары балаларына алып барған. Өйткені “Балаларым қайда? Сағындым” деп жиі сұраған. Бәрін де танып тұр дейді», – деп жазды Жанат Молдашева.

Алайда Ақбаянның емін әлі де жалғастыруы қажет. Оның нақты диагнозы әзірге жарияланған жоқ. Егер денсаулығы түзеліп, жағдайы тұрақталса, балаларын өз қарауына беру мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл шешімді білім бөлімі жанындағы арнайы комиссия қабылдайды.

Журналистің мәліметінше, Ақбаянға ата-анасы мен бауырларының қайтыс болғаны әлі айтылмаған.

«Туыстары Ақбаянға ата-анасы мен бауырларының жоқтығын әлі айтпаған. Ең ауыры осы», – деп жазды ол.

Еске салайық, Атырау облысында Сұлтан Сәрсемәлиев төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Сот үкімі 2026 жылғы 14 шілдеде шыққан.

Ал Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс кейін тоқтатылғаны хабарланған.