Атырау қаласында ерекше баланың анасы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде ұлына жарақат салынғанын айтып, құзырлы органдардан оқиғаның мән-жайын анықтауды талап етті, деп хабарлайды ult.kz.
Әйелдің айтуынша, оның ұлы 17 маусым күні сағат 14:00-ден 16:20-ға дейін сабаққа қатысқан. Баласын алып кетуге келген кезде ол ұлының білегінің ішкі жағында тырналған іздер мен көгерген белгілерді байқаған.
Белгілі болғандай, 2 жас 10 айлық балаға психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі (ЗПРР) және назар тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы диагнозы қойылған.
Мекеме қызметкерлерінің түсіндіруінше, соңғы сабақты өткізуі тиіс маман жұмыстан ертерек кеткендіктен, бала ойын бөлмесінде тәрбиешінің қарауында қалған. Кейін ол дәлізге шығып, еденге жатқан. Қызметкерлердің айтуынша, тәрбиеші баланы қайтадан бөлмеге кіргізу үшін қолынан ұстаған.
Алайда бұл түсініктеме баланың анасын қанағаттандырмаған. Оның сөзінше, ең үлкен мәселе – ұлының сөйлемейтіндігі және болған оқиғаны өз бетінше түсіндіріп бере алмайтындығы.
Оқиға болған күні берілген травматологтың медициналық анықтамасына сәйкес, балаға сол жақ білектің жұмсақ тіндерінің соғылуы диагнозы қойылған. Сондай-ақ құжатта білектің ішкі бөлігінде жергілікті қан құйылу белгілері тіркелген.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Құзырлы органдар мен жауапты мекеме өкілдері тексеру жүргізуде.
