Атырау облысында сұйытылған мұнай газын бөлу тәртібіне қатысты дау туындап, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қатысты тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, тексеру сұйытылған мұнай газын бөлу және жеткізу жоспарларын қалыптастыру кезінде жергілікті атқарушы органдардың әрекеттерін талдау нәтижесінде қолға алынған.
Ведомство бұған дейін басқармаға бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері бар екені жөнінде хабарлама жолдаған. Алайда белгіленген мерзім ішінде аталған талаптарды орындау бойынша тиісті шаралар қабылданбаған. Осыған байланысты заңнамаға сәйкес тергеп-тексеру рәсімі басталды.
Қазіргі уақытта мамандар құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін материалдарды жинап, талдау жүргізіп жатыр. Атап айтқанда:
– нарықтың жекелеген қатысушыларына артықшылықтар мен жеңілдіктер беру;
– кейбір субъектілер үшін басым жағдай жасау;
– бәсекелестерге қатысты кемсітушілік жағдайлар қалыптастыру фактілері тексерілуде.
«Тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабы 2-тармағының 9-тармақшасына сәйкес жүргізілуде. Қорытындысына қарай қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады агенттік.