Freedom Inside '26

Атырауда әйелін 12 жасар қызының көзінше өлтірген зейнеткер 15 жылға сотталды

Атырауда әйелін 12 жасар қызының көзінше өлтірген зейнеткер 15 жылға сотталды
Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Атырауда 13 жыл бірге тұрған әйелін 12 жасар қызының көзінше өлтірген 63 жастағы зейнеткер 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Kazinform тілшісінің хабарлауынша, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сондай-ақ сотталушы марқұмның туысына 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Қанды оқиға биыл 16 наурызға қараған түні болған. Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам қызының жанында ұйықтап жатқан әйеліне пышақпен 11 рет соққы жасаған. Оқиға кезінде 12 жастағы қызы әкесінен полиция мен жедел жәрдем шақыруды өтінген.

Сот барысында сотталушының қылмысқа алдын ала дайындалғаны анықталды. Ол үйдегі бейнебақылау камераларын алдын ала өшіріп тастаған.

Көршілерінің айтуынша, марқұм көзі тірісінде күйеуінен қауіптенетінін, бір күні оның қолынан қаза табуы мүмкін екенін айтып жүрген. Тергеу мәліметінше, ер адам әйелін негізсіз қызғанып, соның салдарынан қылмысқа барған.

Сот процесі кезінде айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.

Қаза болған 58 жастағы әйел Атырау қаласындағы мектептердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Ол ұзақ жылдар білім беру саласында еңбек етіп, мектеп директорының орынбасары қызметін де атқарған.