Әлеуметтік желіде жақындарына жасаған ерекше сыйлығымен көпшіліктің ықыласына бөленген ақтөбелік Еркін Құрманиязовтың видеосы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
37 жастағы азамат той үстінде туған-туыстарына тосынсый жасап, ағайынның алғысына бөленген
Еркін Құрманиязовтың айтуынша, ол танымал кәсіпкер де, ірі бизнес иесі де емес. Сауда-саттықпен айналысып, қарапайым еңбекпен нәпақасын тауып жүрген азамат. Ол Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай ауылында дүниеге келген.
Кейіпкердің сөзінше, оның отбасы да жағдайы аса жоғары жанұялардың қатарынан болмаған. Әкесі ұзақ жыл бойы жалданып мал баққан. Ал анасы мектепте еден жуушы болып еңбек етіп, бала-шағасының қамын жасаған.
Осындай отбасында тәрбиеленген Еркін ата-анасының еңбегін көріп өскенін айтады. Оның пайымынша, адам қандай жетістікке жетсе де, алдымен жақындарының еңбегі мен қолдауын ұмытпауы керек.
37 жастағы азамат өз еңбегінің арқасында жағдайын түзеп, енді бала күнінен бірге өскен бауырларына қолдау көрсетуді мақсат еткен. Ол екі апасына баспана алып берді.
Желі қолданушылары Еркін Құрманиязовтың оқиғасын өзгелерге де үлгі боларлық жағдай ретінде бағалап, «Жақсылықты жариялау үшін емес, жақыныңның қуанышын көру үшін жасау керек» деген пікірлерін қалдырған.