Цифрлық технология мен жасанды интеллектті шапшаң дамытып, шалымды қолдана алған мемлекеттің ғана өркениет сапынан лайықты орын алатыны белгілі болды. Осы көкейкесті мәселеге, республика Президентінің ұстанымына сай, ғалымдармен қатар бұқаралық ақпарат құралдары баса көңіл бөлуде. Қазақ қаламгерлерінің төл газеті «Қазақ әдебиетінің» де бұл тақырыпты қаузай жазып отырғанының куәсіміз. Соның бірі – оның «өз тілшісінің» биылғы 26 маусымдағы санында басылған «Хакім Абай жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» деген сұхбат. «Құпия әріптес» туындысының, бірден айтайын, «буынсыз жерге пышақ ұрып», жаңалық ашқандай, «сүйіншілеген» тақырыбы көңілге мүлде қонбады.
Алайда, цифрлық технологиялар саласы бойынша жүзден астам мақаланың және бірнеше оқулық пен монографияның авторы Ұ. Есенбекованың сұхбат барысындағы байсалды жауаптарына дау айтудан аулақпын. Жасанды интеллекттің жасампаз және шүбәлі қыр-сырын зерттеп жүрген ғалымға тілектестіктен басқа бөтен ойдың болуы мүмкін емес. Ал, сұхбаттың тақырыбына шұқшиюдың себебі, ұлы Абайдың асыл мұрасына «әйтеуір заманауи дүние екен» деп, ЖИ-ді тура мағынасында «жамауға» деген қарсылық. Осы орайда Хакімнің «өлмейтұғын сөз» жауһарына күмәнді «жаңа» өлеңдер (жаңалықтар да -Б.Ж.) тауып қосудан гөрі, Абай «теңізіне» терең бойлай алсақ та жеткілікті деген пікірге саятын Мұхтар Әуезов тұжырымын ұстанған абзал.
Газеттің «өз тілшісі», тіпті әдебиетші немесе публицист емес, ғалыммен әңгіменің тақырыбын «айқайлатып» қойып, бүгін ақынға «жасанды интеллекттің жауабын» айтқызсақ, қызды-қыздымен күні ертең Хакімді талай техника мен технологияның «құлағында ойнатып», ғарышқа самғатуымыз да ғажап емес. Соның бәрінің де Адамның ақыл-ойы мен күш - жігерінің жемісі екені рас. Олай болса, ұлы Абайдың да ерекше ардақ тұтатыны – Адам екенін мықтап есте ұстаған жөн. Қанша «ақылды» болса да Адамның орнын құлтемірлер басса, Алла өзі жаратқан, бірақ енді «керексіз» жан иесінің демі «үзіліп», ақырзаман орнайтыны күмән тудырмаса керек.
Адамзаттың басына азапты күннің қашан төнетіні Құдайға ғана мәлім. Қасиетті құранда «Мұхаммед, олар сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды. Шынында оның мәліметі Раббымның қасында. Оның уақытын өзі ғана біледі. Көктер мен жердегі ауыр жағдай сендерге кенеттен-ақ келеді...» деп жазылыпты. Сондықтан Хакімнің асыл мұрасы, ең бастысы, адамды тану, өмірге деген махаббат, яки үш сүю – «имани гүл» ілімі болып табылады. Мұның – Алланы, адамды және әділетті сүю, «қазақтың бірін бірі дос тұту» арқылы барша адам баласын бауыр санау екені аян. «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын...» - деп, толғана келе Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» - деген қорытынды жасайтынын да білеміз.
Ал, адам ақыл-ойы мен күш-жігерінің жемісі – ЖИ-дің бізге қаншалықты «адал» қызмет ететіні де тағы сол өзімізге, яки «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап, алғашқы екеуін жүрекке билететін толық» Адамға тәуелді. Ендеше, асыл мұраға ЖИ-ді «жамап», асылық жасамаған абзал. Бұл пікіріміздің дұрыс немесе бұрысын жасанды интеллекттің өзінен сұрап көрелік. Осы мақсатпен ЖИ-ассистент арқылы жасанды интеллектке негізделген «ChatGPT», «Gemini», «Copilot», «Grok» интеллектуалды көмекшілер немесе генеративті жасанды интеллект жүйелеріне жүгінген едім. Менің «Хакім Абай жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» деудің қаншалықты қисыны бар?» - деген сұрағыма алған жауаптарды «өзіне керек жерлерін ғана пайдаланыпты» деген дау тумас үшін сол қалпында ұсындым.
ChatGPT: «Бұл тіркесті тура мағынада айту қисынсыз, ал астарлы немесе көркем мағынада қолдануға болады. Егер «Хакім Абай жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» деп сөзбе-сөз айтсақ, бұл тарихи тұрғыдан дұрыс емес. Өйткені, жасанды интеллект ұғымы мен технологиясы Абай өмір сүрген кезеңде болған жоқ. Ал егер бұл сөздің мақсаты Абайдың ойларының бүгінгі жасанды интеллект дәуірінде де өзектілігін көрсету болса, онда ол метафора ретінде әсерлі естіледі.
Мысалы:
«Хакім Абай жасанды интеллект дәуірінің басты жұмбағына әлдеқашан жауап бергендей: адамды адам ететін – ақыл, ғылым, ар және жүрек»;
«Жасанды интеллекттің мүмкіндігі артқан сайын, Абай көтерген адамгершілік, білім және жауапкершілік мәселелері бұрынғыдан да маңызды бола түседі;
«Абай жасанды интеллектті білген жоқ, бірақ оны дұрыс пайдалана алатын адамның қандай болуы керектігін айтып кеткен». Әсіресе Абайдың Қара сөздер мен «толық адам» тұжырымдамасы бүгінгі AI дәуірінде жиі қайта оқылып жүр. Абай технология туралы емес, адам туралы жазды. Ал жасанды интеллект дәуіріндегі ең үлкен сұрақтардың бірі де – технологияны қандай адам басқарады деген мәселе.
Сондықтан ең дәл әрі қисынды тұжырым мынадай болар еді:
«Хакім Абай жасанды интеллекттің өзін емес, оны адам игілігіне жарата алатын адамның болмысын сипаттап кеткен». Мұндай ой тарихи шындыққа қайшы келмейді және философиялық тұрғыдан да әлдеқайда салмақты естіледі».
Gemini: «Бұл ой (ЖИ-дің жауабын білген - Б.Ж.) бір қарағанда тым асыра сілтеу немесе сенсация қуалау сияқты көрінуі мүмкін. Абай өмір сүрген XIX ғасырда қазіргі мағынадағы «компьютер», «код» немесе «жасанды интеллект» (ЖИ) деген ұғымдар атымен болған жоқ. Дегенмен, егер мәселеге тереңірек — философиялық және когнитивтік (танымдық) тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл тұжырымның өзіндік қисыны мен үлкен негізі бар. Абай жасанды интеллекттің техникалық құрылымын білмесе де, оның бүгінгі таңдағы ең басты жұмбағы мен шектеуін – «Сана мен жанның табиғаты неде?» деген сұрақтың жауабын алдын ала айтып кеткен. Абайдың еңбектеріне сүйене отырып, бұл пікірді неліктен қисынды деп санауға болатынын талдап көрейік:
1. Тән мен жанның, Ақыл мен Жүректің айырмашылығы.
Бүгінгі таңда ЖИ миллиардтаған деректерді өңдеп, мәтін жаза алады, сурет салады, логикалық есептерді шешеді. Бірақ ол мұны түсінбей, тек алгоритм ретінде орындайды. Абай өзінің Жетінші қарасөзінде адамның білім алуын екіге бөледі: Тән құмары (көру, есту, сыртқы дүниені тану — ЖИ-дің камералары мен сенсорлары, деректерді жинауы сияқты). Жан құмары (білсем екен, көрсем екен деген ішкі талпыныс, мағына іздеу).
ЖИ-де «тән құмарының» цифрлық аналогы бар (мәлімет жинау), бірақ «жан құмары» (ішкі мотивация, өзіндік сана) жоқ. Абай адамды адам ететін сыртқы ақпарат емес, ішкі жан құмары екенін айтқан».
2. Естігенді есте сақтау (Data) vs Иесі болу (Wisdom).
Абай Отыз бірінші қарасөзінде естіген нәрсені ұмытпай, ақылға бекітудің төрт шартын айтады. Соның ішінде: «Естіген нәрсені іштей қайталап, ойланып, бекіту» және «нәпсінің құмарлығынан тыйылу» туралы жазады.
ЖИ ақпаратты ешқашан ұмытпайды (ең мінсіз жады бар), бірақ ол ақпаратқа күйзелмейді, толғанбайды және оған жаны ауырмайды. Абай ақылдың жай ғана ақпарат жинаушы емес, рухани сүзгіден өтетін құндылық екенін көрсетті. Қазіргі ЖИ — рухани сүзгісі жоқ таза ақылдың көрінісі».
3. «Толық адам» концепциясы — ЖИ жете алмайтын шың.
Абай философиясының шыңы — «Толық адам» ілімі. Ол үш ұғымнан тұрады: Ыстық қайрат, Нұрлы ақыл, Жылы жүрек. Қазіргі ең қуатты суперкомпьютерлер мен ЖИ модельдерінде "Нұрлы ақыл" (логика, есептеу) мен "Ыстық қайрат" (үлкен жылдамдық, жұмыс өнімділігі) бар. Бірақ оларда ең басты компонент — "Жылы жүрек" (эмпатия, мейірім, ұят, обал-сауапты сезіну) жоқ.
«Ақыл мен қайратты жолға салар — Жүрек» дейді Абай.
Жасанды интеллект жұмбағының басты жауабы да осы: ЖИ қанша жерден ақылды болмасын, ол адам сияқты сезіне алмайды, өйткені оның «жүрегі» (рухани негізі) жоқ. Абай жүрексіз ақылдың қауіпті екенін ескерткен. Түйін: «Хакім Абай жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» деген сөз — Абай технологияны болжады деген сөз емес. Бұл — Абай сананың, интеллектің шекарасын және оның жүрексіз (моральсіз) ештеңеге татымайтынын дәл тапты деген сөз. Сондықтан, бүгінгі ЖИ-дің даму заманында Абайдың «Толық адам» концепциясы робот пен адамды айыратын ең басты рухани компас болып қала береді. Бұл тұрғыдан алғанда,тұжырымның қисыны өте терең.
Copilot: «Бұл ойды (ЖИ-дің жауабын білген - Б.Ж.) екі қырынан қарауға болады:
1. Абайдың дүниетанымы. Абай Құнанбайұлы XIX ғасырда өмір сүрген ойшыл, ақын, ағартушы. Ол адамзаттың ақыл-ойын, ғылымды, білімді жоғары бағалаған. Оның қара сөздерінде «ақыл», «ғылым», «сананы дамыту» туралы терең ойлар бар. Сондықтан «жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» дегенді метафоралық тұрғыда қарасақ, Абайдың ойлары қазіргі заманғы интеллектуалды жүйелердің мәнін алдын ала сезгендей әсер қалдырады;
2. Жасанды интеллект пен Абайдың қара сөздері. Әрине, Абай жасанды интеллектті нақты түрде білмеген, себебі ол технология XX ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болды. Бірақ оның «адам ақылын дамыту», «ғылымға ұмтылу» деген идеялары жасанды интеллекттің философиялық негізімен үндеседі. Бұл жерде «жұмбақтың жауабын білген» деген сөзді символикалық, көркемдік тұрғыда қолдануға болады.
3. Метафоралық қисын. Мұндай тіркес (ЖИ-дің жауабын білген - Б.Ж.) ғылыми тұрғыдан дәл емес, бірақ әдеби немесе публицистикалық стильде қолдануға болады. Ол Абайдың ойларының заманауи ғылыммен үндестігін көрсету үшін жасалған көркемдік тәсіл. Яғни, қисыны бар — бірақ ол нақты тарихи шындық емес, әдеби метафора.
«Grok» қосымшасы: «Бұл сөйлемнің қисыны (ЖИ-дің жауабын білген - Б.Ж.) өте шартты және көбінесе метафоралық немесе риторикалық мағынада ғана бар. Оны тура мағынада (буквально) айту – тарихи тұрғыдан дұрыс емес. Неге қисынсыз?
• Хакім Абай (1845–1904) — 19-ғасырдың адамы. Ол өмір сүрген кезде жасанды интеллект (AI) ұғымы да, оның техникалық негіздері де (компьютерлер, алгоритмдер, нейрондық желілер) жоқ болатын. AI-дің теориялық негіздері 20-ғасырдың ортасында (1950-жылдар, Тьюринг тесті сияқты) пайда болды.
• Абайдың шығармаларында («Қара сөздер», өлеңдер) адамның ақылы, білімі, адамгершілігі, қоғамдық мәселелер, ғылым мен надандық туралы терең ойлар бар. Бірақ ол «машина ойлай алады ма?», «сананы имитациялау» немесе «жасанды интеллект» сияқты техникалық-философиялық мәселелерді көтере алмаған, өйткені мұндай технологиялардың ізі де жоқ еді. Неге кейде «қисынды» көрінеді?
• Метафора ретінде: Абайды жиі хакім (данышпан, дана) деп атайды, оның адам баласының ақылы, жүрегі, мақсаты туралы ойлары өте терең. Кейбір адамдар оның сөздерін қазіргі заманға (AI дәуіріне) қолданып, «Абай болашақты алдын ала сезген» деген сияқты интерпретация жасайды. Мысалы, AI-дің этикалық мәселелері, адамдық қасиеттерді сақтау, білімнің маңызы туралы оның ойларын байланыстыруға болады. Қазақстанда Абай мұрасын цифрландыру және AI-мен (бейне, дауыс генерациясы) популяризациялау белсенді жүріп жатыр.
• Мәдени-риторикалық тәсіл: Ұлттық ойшылдарды «заманауи мәселелердің алдын көрген» етіп көрсету — әдеттегі құбылыс. Бұл патриоттық немесе мотивациялық контексте қолданылады, бірақ ғылыми немесе тарихи дәлдікке сай келмейді. Қорытынды: Бұл сөйлем поэтикалық гипербола немесе анахронизм (уақытты шатастыру). Оны «Абайдың даналығы AI-дің кейбір мәселелеріне ұқсас ойларға жеткізеді» деп жұмсартып айтса — қисыны бар. Ал тура «білген» деп айту — тарихқа қайшы, ғылыми тұрғыдан негізсіз. Абайдың құндылығы – оның заманындағы адамдық мәселелерді терең түсінуінде, ал AI — мүлде басқа дәуірдің өнімі. Екеуін байланыстыру тек рухани немесе мәдени диалог үшін пайдалы».
Сонымен біздің «Қ.Ә.»-дегі сұхбаттың тақырыбына байланысты «Хакім Абай жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» деудің қаншалықты қисыны бар?» - деген сұрағымызға «ChatGPT», «Gemini», «Copilot», «Grok» жасанды интеллект жүйелерінің қайтарған жауаптарын саралай келе мынадай ой түюге болады:
Біріншіден, «Хакім Абай жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» деп, сөзбе-сөз айтсақ, бұл тарихи тұрғыдан дұрыс емес. Өйткені жасанды интеллект ұғымы мен технологиясы Абай өмір сүрген кезеңде болған жоқ» (ChatGPT). «Бұл ой бір қарағанда тым асыра сілтеу немесе сенсация қуалау сияқты көрінуі мүмкін. Абай өмір сүрген XIX ғасырда қазіргі мағынадағы «компьютер», «код» немесе «жасанды интеллект» (ЖИ) деген ұғымдар атымен болған жоқ» (Gemini). «Әрине, Абай жасанды интеллектті нақты түрде білмеген, себебі ол технология XX ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болды. Бірақ оның «адам ақылын дамыту», «ғылымға ұмтылу» деген идеялары жасанды интеллекттің философиялық негізімен үндеседі» (Copilot). «Бұл сөйлемнің (Хакім ЖИ-дің жауабын білген) – қисыны өте шартты және көбінесе метафоралық немесе риторикалық мағынада ғана бар. Оны тура мағынада (буквально) айту — тарихи тұрғыдан дұрыс емес... Хакім Абай (1845–1904) — 19-ғасырдың адамы. Ол өмір сүрген кезде жасанды интеллект (AI) ұғымы да, оның техникалық негіздері де (компьютерлер, алгоритмдер, нейрондық желілер) жоқ болатын» (Grok).
Екіншіден, «ЖИ жұмбағының жауабын білген» деп, «символикалық, көркемдік немесе метафоралық қисын тұрғысынан» байланыстыруға болады. Сондай-ақ, Абайдың ойларын AI-дің этикалық мәселелері, адамдық қасиеттерді сақтау, білімнің маңызы туралы үндестікте қарастыру және патриоттық немесе мотивациялық контексте қолдану мүмкін. Бірақ, бұл ғылыми немесе тарихи дәлдікке сай келмейді. «Ал егер бұл сөздің мақсаты ( Хакім ЖИ-дің жауабын білген - Б.Ж.) Абайдың ойларының бүгінгі жасанды интеллект дәуірінде де өзектілігін көрсету болса, онда ол метафора ретінде әсерлі естіледі» (ChatGPT). «Абай жасанды интеллекттің техникалық құрылымын білмесе де, оның бүгінгі таңдағы ең басты жұмбағы мен шектеуін — «Сана мен жанның табиғаты неде?» деген сұрақтың жауабын алдын ала айтып кеткен» (Gemini). Абай «жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» дегенді метафоралық тұрғыда қарасақ, Абайдың ойлары қазіргі заманғы интеллектуалды жүйелердің мәнін алдын ала сезгендей әсер қалдырады (Copilot). «Метафора ретінде: Абайды жиі хакім (данышпан, дана) деп атайды, оның адам баласының ақылы, жүрегі, мақсаты туралы ойлары өте терең. Кейбір адамдар оның сөздерін қазіргі заманға (AI дәуіріне) қолданып, «Абай болашақты алдын ала сезген» деген сияқты интерпретация жасайды (Grok).
Сонымен қатар, яки үшіншіден, аталмыш сұхбаттың тақырыбын қисынсыз санаған менің пікіріме байланысты ЖИ жүйелері ұсынған тұжырымдарды оқып көрелік. «Сондықтан ең дәл әрі қисынды тұжырым мынадай болар еді: «Хакім Абай жасанды интеллекттің өзін емес, оны адам игілігіне жарата алатын адамның болмысын сипаттап кеткен».
Мұндай ой тарихи шындыққа қайшы келмейді және философиялық тұрғыдан да әлдеқайда салмақты естіледі» (ChatGPT). «Хакім Абай жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» деген сөз — Абай технологияны болжады деген сөз емес. Бұл — Абай сананың, интеллекттің шекарасын және оның жүрексіз (моральсіз) ештеңеге татымайтынын дәл тапты деген сөз (Gemini»). «Мұндай тіркес ғылыми тұрғыдан дәл емес, бірақ әдеби немесе публицистикалық стильде қолдануға болады. Ол Абайдың ойларының заманауи ғылыммен үндестігін көрсету үшін жасалған көркемдік тәсіл. Яғни, қисыны бар — бірақ ол нақты тарихи шындық емес, әдеби метафора» ((Copilot). «Бұл сөйлем (Хакім ЖИ-дің жауабын білген -Б.Ж.) поэтикалық гипербола немесе анахронизм (уақытты шатастыру). Оны «Абайдың даналығы AI-дің кейбір мәселелеріне ұқсас ойларға жеткізеді» деп жұмсартып айтса — қисыны бар. Ал тура «білген» деп айту — тарихқа қайшы, ғылыми тұрғыдан негізсіз (Grok).
Бір сөзбен айтқанда, «Хакім Абай жасанды интеллект жұмбағының жауабын білген» деп, кесіп айтудың қисыны жоқ . Оның үстіне ғалыммен сұхбаттың тақырыбын ұлы ақын «ЖИ-дің жауабын білген» деп жалаулату – «тарихқа қайшы, ғылыми тұрғыдан» негізсіз. Асыл мұра жасанды интеллекттің өзін емес, оны адам игілігіне жарата алатын адамның болмысын сипаттайды. Оған ЖИ-ді жамау, заманауи дүниелерді бірте-бірте Абайдың адам мен қоғам туралы терең іліміне қисыны келсе де, келмесе де «жапсырып», жаңалық ашу немесе «сенсация жасау» дертіне шалдықтыруы мүмкін. Сондықтан жалған сөйлеп, асылық қылмаған абзал. Мұны төл газетіміздің редакциясына емес, «пікірі редакцияның көзқарасы болып табылмайтын» тілшіге құлаққағыс деп қабылдасақ, құба-құп.
Болат Жүнісбеков,
жазушы