Спорттық жарыстардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар, шығармашылық қабілеттерін көрсету мүмкіндігі және ат үстіндегі шеберлікті сынайтын сайыстар – фестиваль ұйымдастырушылары қатысушыларға осындай қызықты бағдарламалар әзірлеген.
«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі 5-7 маусым күндері Абай облысының Ақсуат ауданында өтеді. Бұл – тек спорттық бәсекелер ғана емес, сонымен қатар өнер мен шығармашылықты насихаттайтын ауқымды мәдени шара.
Фестиваль жеңімпаздарын қомақты сыйлықтар күтеді. 5 маусым күні Ырғызбай ата кесенесі жанында тоғызқұмалақ турнирі ұйымдастырылып, бас жүлдеге 1 миллион теңге тігіледі. Жүлделі орындар 9-орынға дейін қарастырылған және әрқайсысына ақшалай сыйақы беріледі.
Дәстүрлі топ бәйге мен аламан бәйге жарыстарының жеңімпаздары автокөлік ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Екінші орын иегеріне 2,5 миллион теңге, үшінші орын алған қатысушыға 1,5 миллион теңге табысталады.
Сондай-ақ облыстың әр ауданынан келген балуандар өгіз палуан және түйе палуан сайыстарында күш сынасады. Бұл жарыстардың да бас жүлдесі – автокөлік. Екінші және үшінші орындарға ақшалай сыйлықтар қарастырылған.
«Артық білім – кітапта» атты кітап оқу байқауының жеңімпаздары да автокөлік пен ақшалай жүлделерге ие болады.
Фестиваль 7 маусым күні қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін ауқымды гала-концертпен қорытындыланады.