Астықты қолдан «қазақстандық» еткен: ірі экспорт схемасы әшкереленді

Астықты қолдан «қазақстандық» еткен: ірі экспорт схемасы әшкереленді
ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында шетелдік астықты Қазақстанда өндірілген өнім ретінде рәсімдеп, Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспорттау схемасы әшкереленді. ҚМА мәліметінше, схема арқылы 11,2 млрд теңгенің шамамен 130 мың тонна астығы Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға жеткізілген, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, жалған компаниялар тіркеліп, олар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алу туралы жалған келісімдер жасалған. Осылайша шетелдік астыққа «қазақстандық өнім» мәртебесі беріліп, тасымалдауға жеңілдетілген тариф қолданылған.

Схемада Bakery Nan, KazGrano, Perfect Seed, Weizen және Golden Grain Kazakhstan компаниялары пайдаланылған. Соның салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалына» 1 млрд теңгеден астам, ал мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге залал келген.

Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қазір күдіктілер іс материалдарымен танысып жатыр.