Астанаға бомба қойылды деп жалған хабарлаған жасөспірім Украинада ұсталды

Астанаға бомба қойылды деп жалған хабарлаған жасөспірім Украинада ұсталды
naryk.kz

Украинада Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы көрінеу жалған хабарлама жіберді деген күдікпен кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оқиға 26 тамызда Украинаның Сумы қаласында болған. Жасөспірім Қазақстандағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы жалған ақпарат жіберген. Ол Қазақстан ІІМ мен Украина киберполициясының бірлескен жұмысы нәтижесінде анықталып, ұсталған.

Тінту кезінде күдіктіден ұялы телефондар, планшет, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді. Электронды құрылғыларды тексеру барысында жалған хабарлама жіберілген аккаунт, оның мәтіні және іске қатысты өзге де цифрлық дәлелдер анықталған.

Қазір тәркіленген техникаларға талдау жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары ықтимал сыбайластарын анықтап, жасөспірімнің осыған ұқсас басқа да фактілерге қатысы бар-жоғын тексеруде.

Қазақстан мен Украина құқық қорғау органдары істің мән-жайын анықтап, одан әрі процестік шешім қабылдау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

ІІМ нысанды жару, терроризм жасау, адамды кепілге алу және қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де әрекеттер туралы жалған хабар бергені үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Бұған дейін Петропавлда мектепке жарылғыш зат қойылды деп «әзілдеген» жасөспірім сотталған болатын.