Астанадағы SOS балалар ауылында China Energy Overseas Investment Co., Ltd. компаниясының бастамасымен қайырымдылық шарасы өтіп, мекеме аумағына күн электр станциясы мен күн энергиясымен жұмыс істейтін көше шамдары орнатылды. Сонымен қатар балаларға арналған «Жасыл энергетика сабағы» атты ағартушылық бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Іс-шараның ашылу салтанатына Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, SOS балалар ауылының директоры Гүлнәр Балташқызы, Қазақстандағы Қытай Бас сауда палатасының бас хатшысы Лю Юэ және China Energy Overseas Investment Co., Ltd. компаниясының өкілі Шао Юэбо қатысты.

Елші Хань Чуньлинь бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы жасыл ынтымақтастықтың нақты көрінісі екенін атап өтті.
«Қытай мен Қазақстан – тату көрші, сенімді дос және берік серіктес. Бүгінгі бастама Балалар ауылын таза электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, балалардың бойында жасыл даму құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл – қытайлық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі», – деді Елші.
Оның айтуынша, фотоэлектрлік панельдер, энергия жинақтау жүйесі мен көше жарығын біріктірген кешен балалар ауылының электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен жартысын күн энергиясы есебінен қамтамасыз етеді. Нысан Астанадағы экологиялық таза энергияны өндіруді, сақтауды және тұтынуды біріктірген алғашқы әлеуметтік бағыттағы демонстрациялық алаңға айналмақ.


SOS балалар ауылының директоры Гүлнәр Балташқызы көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, жаңа жүйе электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Үнемделген қаражат балалардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, білім алуына және дамуына бағытталады. Бұл жоба тәрбиеленушілеріміз үшін экологиялық жауапкершілік пен халықаралық достықтың жарқын үлгісі болады», – деді ол.
Қазақстандағы Қытай Бас сауда палатасының бас хатшысы Лю Юэ бұл бастама Қазақстандағы қытайлық кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін көрсететінін атап өтті. Оның сөзінше, Палата алдағы уақытта да екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырады.

Ал China Energy Overseas Investment Co., Ltd. компаниясының өкілі Шао Юэбо бұл жоба компанияның шетелдегі әлеуметтік жауапкершілігін жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам екенін айтты.
«Бүгін біз балалардың жарқын болашағына бағытталған маңызды бастаманы жүзеге асырып отырмыз. Күн энергиясы арқылы Балалар ауылының тұрақты дамуына үлес қосып, жас ұрпаққа экологиялық мәдениетті насихаттауға мүмкіндік алып отырмыз», – деді ол.
Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай әлеуметтік және экологиялық жобалар қоғамның тұрақты дамуына ықпал етеді. Олар Қазақстанда жұмыс істейтін өзге де кәсіпорындарды балалар мекемелерін, білім беру ұйымдарын және әлеуметтік нысандарды қолдауға бағытталған қайырымдылық бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Жоба аясында өткізілген «Жасыл энергетика сабағында» инженерлер интерактивті ойындар мен тәжірибелік тапсырмалар арқылы балаларға жаңартылатын энергия көздерінің артықшылықтары мен қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндірді.




Ұйымдастырушылардың мәліметінше, күн электр жүйесі балалар ауылын тұрақты әрі таза энергиямен қамтамасыз етіп, энергия шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша жоба «энергетикалық көмек пен білім беру қолдауын» қатар ұсынған қайырымдылық бастамаға айналды.
Іс-шараға Қазақстандағы Қытай Елшілігінің, Қазақстандағы Қытай Бас сауда палатасының, Eurasia өңірлік штабының, Sauran Solar Power және Huawei Kazakhstan компанияларының өкілдері қатысты.