Астанада ЛРТ қолданысқа берілгеніне көп уақыт болған жоқ. Алғашқы кезең болғандықтан ба, халық оны қоғамдық көлік ретінде емес, аттракцион сияқты пайдаланып жүргендей. Астанаға демалысқа келген отбасылар мен фото, видеоға түсу үшін мінген блогерлерлердің қарасы қалың. Іші шу, ретсіз, орынсыз қозғалыс көп байқалады.
Басында осындай болуы қалыпты да сияқты. Әлемде жаңа қоғамдық көлік жүйесі іске қосылған алғашқы уақытта ол тек көлік құралы ғана емес, белгілі бір деңгейде туристік нысанға да айналады екен. Сондықтан, діттеген жеріне жетуді мақсат еткен жолаушылардан бөлек, демалып жүрген отбасылар да, блогерлер де ЛРТ-ні “сынап көру” мақсатында пайдаланып жүр.
Абзалында
Астана – еліміздің мәдени орталығы және басқаларға үлгі болуы керек бас қаласы. Сол себепті келешекте Астананың басты қоғамдық көлік қозғалысы сол жергілікті халық мәдениетінің бір көрінісі болуы керек. Мәселен біз қызығатын Жапония, Қытай елдеріндегі метро тәртібі бір күнде қалыптасқан жоқ. Оның артында ұзақ жылдар бойы жүргізілген жан-жақты тәрбие мен түсіндіру жұмыстары жатыр. Ондай жұмыстардың бірі – мектеп қабырғасынан басталса, енді бірі – дәл сол ЛРТ айналасында жүруі керек. Тәрбие сағаттарында балаларға тазалық, тәртіп, ешкімге зиян келтірмеу қағидасында ЛРТ-мен жүру тәртібіне арнайы сабақ арнап, арнайы экскурсияға әкеліп іс жүзінде көрсету балалардың мәңгі есінде қалатын дүние.
Кез келген жолаушы пойыз ішінде көретіндей түсіндірме мақсатта жасалған сүйкімді бейнероликтердің де әсері зор болатын еді. Одан бөлек, әрине ЛРТ айналасындағы қызметкерлер адамдарды жылы қарсы алып, сыпайы ескерту жасаса, пойызға кіріп бара жатқан жолаушылар да сол дауыс пен әрекеттегі сыпайылыққа, тәртіпке де бейімделер еді.