Астанадағы балабақшада балаға қол көтерген қызметкер полицияға жеткізілді

Астанадағы балабақшада балаға қол көтерген қызметкер полицияға жеткізілді
Видеодан скриншот

Астанадағы түзету балабақшаларының бірінде тәрбиешінің көмекшісі баланы бірнеше рет ұрған. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, жұрттың наразылығын тудырды, деп хабарлайды ult.kz.

Кадрлардан баланың жылағаны, ал басқа балалардың қорқып тұрғаны байқалады. Желі қолданушылары балабақшалардағы бақылауды күшейтіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, видео 2024 жылғы қазанда түсірілген. Балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген әйелдің жеке басы анықталып, ол полиция басқармасына жеткізілген. Сондай-ақ зардап шеккен балалардың ата-аналары анықталған.

Қазір оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының Бегімбет ауылындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі ұйықтап жатқан бір жарым жасар сәбидің бетін тырнап алғаны хабарланған еді. Осы жағдайдан кейін арнайы комиссия құрылып, тексеру басталған және сот-медициналық сараптама тағайындалған.