Астанада әйелдің қаза болуына байланысты қызметтік салғырттық бойынша төрт бұрынғы полицей ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметтік тексеруі нәтижесінде төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Олардың қатарында екі аудандық полиция басқармасының бастығы мен орынбасарлары бар.
Сонымен қатар Астана қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қызметке салғырт қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында төрт бұрынғы полицей ұсталды. Іс Ішкі істер министрінің ерекше бақылауына алынған.
Еске салайық, 22 қыркүйекте Астанада әйел адам пышақ жарақатынан көз жұмған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция бұған дейін оның өз қызметкері болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.