Астанада жиһаз жасаймыз деп 24 млн теңгеден астам ақша жинаған алаяқтар сотталды

Астанада жиһаз жасаймыз деп 24 млн теңгеден астам ақша жинаған алаяқтар сотталды
aqmeshit-aptalygy.kz

Астанада жиһаз дайындауға тапсырыс қабылдап, азаматтардың ақшасын иемденген екі алаяқ 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, сотталғандар әлеуметтік желіде жиһаз жасау туралы жалған жарнама жариялаған. Жәбірленушілердің бірі тапсырыс бергеннен кейін өлшемдер алынып, одан 4,5 млн теңге аударылған. Алайда ақша түскен соң күдіктілер байланысқа шықпай қойған.

Тергеу барысында олардың әрекетінен 19 азамат зардап шеккені, ал келтірілген залалдың жалпы сомасы 24,6 млн теңгеден асқаны анықталды.

Сот әрқайсысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, 10 жыл бойы коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылып, келтірілген залал сотталғандардан өндірілетін болды.