Астанада төрт келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді

Астанада төрт келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді
Ішкі істер министрлігі

«Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Астанада синтетикалық есірткінің ірі партиясы тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полиция қызметкерлері елорданың 40 жастағы тұрғынын ұстаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Telegram мессенджері арқылы есірткі таратқан интернет-дүкеннің «қоймашысы» болған.

Күдіктінің тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту және алдын ала жасырылған орындарды тексеру барысында орау материалдары, zip-lock пакеттері, сондай-ақ төрт келіден астам α-PVP мен мефедрон тәркіленді. Ведомствоның бағалауынша, бұл 12 мыңнан астам бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне тосқауыл болған.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, заңсыз айналымнан алынған әрбір есірткі партиясы – алдын алынған қылмыстар мен сақталған адам өмірі.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Министрлік есірткіні жеткізу, сақтау және тарату арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы пәтерлердің бірінен толық жабдықталған есірткі зертханасы анықталған болатын.