Астанада танысу арқылы тұзаққа түсіріп, ер адамнан 500 мың теңге бопсалаған

Астанада танысу арқылы тұзаққа түсіріп, ер адамнан 500 мың теңге бопсалаған
ашық дереккөз

Астанада танысу сайты арқылы ер адамды жалдамалы пәтерге шақырып, одан 500 мың теңге бопсалаған үш адам сотталды, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, Қостанай облысының тұрғыны Нұргүл Құжаева танысу сайтынан ер адаммен танысып, кейін оны жалдамалы пәтерге шақырған. Ер адам келгеннен кейін пәтерге оның екі сыбайласы – Ақтөбенің 33 жастағы тұрғыны Әділхан Амерхан мен Қарағандының 24 жастағы тұрғыны Ілияс Еркін кіріп келген.

Олар өздерін әйелдің ағалары ретінде таныстырып, ер адамды ауыр қылмыс жасамақ болды деп айыптаған. Кейін полицияға хабарламау үшін 500 мың теңге талап еткен.

Жәбірленуші банк қосымшасы арқылы 500 мың теңге несие рәсімдеп, ақшаны банкоматтан шешіп берген. Үш күдікті қаражатты өзара бөліскен.

Кейін олардың әрекеті әшкереленіп, бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үш азамат та кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеген.

Сот Құжаева, Амерхан және Еркіннің әрқайсысына 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.