Астанада такси жүргізуші әйелге балағат сөздер айтып, көліктен шығудан бас тартып, қоқан-лоқы көрсеткен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады.
Сотта анықталғандай, оқиға елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінің маңында болған. Такси қызметін пайдаланған азамат А. сапар аяқталғаннан кейін жүргізуші С.-ға балағат сөздер айтып, көліктен шығудан бас тартқан. Сонымен қатар әйелге қоқан-лоқы көрсеткен.
Оқиға туралы ақпарат полицияға әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін белгілі болған. Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындады.
Сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп танып, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартты.
Соттың мәліметінше, бұл бап бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Сот құқық бұзушылықтың қасақана жасалғанын, қоғамдық тәртіптің бұзылғанын және айналасындағыларға құрметсіздік танытылғанын ескерді.
Нәтижесінде азамат А. 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.