Астанада жұмысқа орналастыруға көмектесемін деп тұрғынды алдап, ірі көлемде ақша иемденген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 36 жастағы ер адамды анықтаған. Тергеу барысында оның жәбірленушінің сеніміне кіріп, жұмысқа орналастыру мәселесін шешіп беремін деп уәде бергені белгілі болды.
Алдын ала деректерге сәйкес, күдікті осы сылтаумен азаматтан 800 мың теңгеден астам қаражат алған. Алайда уәдесін орындамай, ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа да алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеруде.
Құқық қорғау органдары азаматтарды жұмысқа орналасу мәселесінде сақ болуға шақырды. Мамандар жұмысқа орналастыру туралы ұсыныстарды тек ресми көздер арқылы тексеріп, бейтаныс адамдарға ақша бермеуге кеңес береді.
Полицияның айтуынша, күмәнді ұсыныстар мен заңсыз делдалдардың қызметіне жүгіну қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.