«Самұрық-Қазына» мыңдаған балаға оңалту қызметін қолжетімді етті

«Самұрық-Қазына» мыңдаған балаға оңалту қызметін қолжетімді етті
ашық дереккөз

Еліміз бойынша «Самұрық-Қазына» қаржыландыруымен 20 ерте араласу орталығы ашылған. «Қамқорлық» деп аталатын бұл мекемелерде шала туған және дамуында қауіп факторлары бар сәбилерге ерте кезеңнен бастап кешенді көмек көрсетеді. Мұнда балалардың дамуындағы ауытқулар дер кезінде анықталып, түзету жұмыстары жүргізіледі. Бұл балалардың ерте жастағы мүгедектігінің алдын алуға және олардың толыққанды дамуына жағдай жасауға ықпал етеді. 

«Самұрық-Қазына» қоры бірыңғай қайырымдылық операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы еліміздегі оңалту қызметін жүйелі түрде дамытып келеді. 2020 жылдан бері түрлі бағыттағы 55 оңалту орталығы ашылған. Онда жыл сайын 21 мыңнан астам балаларға жан-жақты оңалту мен әлеуметтік бейімдеу жүргізіледі.

Осындай мекемелердің бірі Астанада орналасқан. Елордадағы «Қамқорлық» ерте араласу орталығын 20 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер-реабилитолог Дина Тәжібаева басқарады. Онымен бірге дәрігерлер, логопедтер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, дефектологтар, эрготерапевтер мен психологтардан құралған мамандар тобы жұмыс істейді.

Орталық ай сайын үш жасқа дейінгі 50-ге жуық баланы қабылдайды. Ал жыл сайын мұнда 600-ге жуық кішкентай пациент оңалту курсынан өтеді.

Дина Тәжібаеваның айтуынша, орталыққа көбіне балалар церебралды сал ауруы (ЦСА), Даун синдромы, психо-сөйлеу дамуының тежелуі және басқа да даму ерекшеліктері диагнозы қойылған балалардың ата-аналары жүгінеді.

– Біз жұмысымызды үш бағыт бойынша жүргіземіз. Біріншісі – медициналық, екіншісі – педагогикалық, үшіншісі – әлеуметтік, яғни отбасымен жұмыс. Біз жабық есік жағдайында жұмыс істемейміз: ата-аналар міндетті түрде сабақтарға қатысады. Біз оларға не істеу керектігін түсіндіріп, іс жүзінде көрсетеміз. Оңалту үдерісі үздіксіз болуы тиіс, сондықтан барлық дағдыны үй жағдайында да тұрақты түрде бекітіп отыру өте маңызды.

Мысалы, біздің бір кішкентай пациентіміз жүктіліктің небәрі 24–25 аптасында шала туған. Ол әр үш ай сайын оңалту курсынан өтіп тұрды. Алғашында басын ұстай бастады, кейін аунауды, отыруды үйренді, ал бір жарым жасында өздігінен жүріп кетті. Келесі оңалту курсына келгенде анасы баласының кәдімгі балабақшаға барып жүргенін айтып, өзі де жұмысқа қайта орналасқанын жеткізді, – деді Дина Тәжібаева.

Орталық басшысының айтуынша, оңалтудың үздіксіз әрі кешенді жүргізілуі балалардың дамуына оң әсер етеді. Тіпті шала туған сәбилердің өзі уақытылы көрсетілген көмектің арқасында қатарластарымен бірге қалыпты дамуға мүмкіндік алады.

– Орталықтағы барлық заманауи жабдық осыдан төрт жыл бұрын «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен алынған. Біз оңалту барысында әртүрлі әдістемелердің элементтерін қолданамыз, өйткені әр балаға дәл өзіне сай келетін тәсілді таңдау өте маңызды. Емдік дене шынықтыруда Бобат-терапиясы, Войта-терапиясы, кинестетика және басқа да әдістер пайдаланылады. Кейде бір балаға бірнеше әдіс бірдей тиімді болса, енді біріне олардың ешқайсысы сәйкес келмеуі мүмкін. Ондай жағдайда біз баланың ерекшелігіне қарай басқа шешім іздейміз, – деді оңалту орталығының басшысы.

2016–2026 жылдар аралығында Қазақстан бойынша «Самұрық-Қазына» қолдауымен 275 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында 55 оңалту орталығы, 31 инклюзия кабинеті, 19 спорт кешені және 3 креативті хаб және басқа да нысандар бар.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында қор Samruk-Kazyna Trust арқылы 24,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп, 27 әлеуметтік жоба жол тартты. Олардың қатарында Ақтөбеде инклюзивті спорт орталығы, Абай облысында Әбілхан Қастеев атындағы мұражай, Атырау облысының Доссор кентінде кітапхана мен мұражай ашылып, ел бойынша тағы 11 спорт кешенінің құрылысы бастау алды.