Астанада Орталық Азиядағы үздік ESG тәжірибелері таныстырылды

Астанада Орталық Азиядағы үздік ESG тәжірибелері таныстырылды
ult.kz

Астанадағы «Бейжің Палас» қонақүйінде Қытайдың Қазақстандағы Бас сауда палатасының ұйымдастыруымен Орталық Азия кәсіпорындарының ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) саласындағы озық тәжірибелеріне арналған семинар өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Іс-шара аясында Қытайдың экономикалық ақпарат қызметі мен «Бір белдеу – бір жол» халықаралық жасыл даму коалициясы бірлесіп әзірлеген Орталық Азия компанияларының озық ESG тәжірибелері жинағы алғаш рет таныстырылды.

Семинарға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, бизнес қауымдастықтардың, сауда-өнеркәсіп палаталарының және сараптамалық орталықтардың өкілдері қатысты. Қатысушылар «жасыл» бизнесті дамыту, тұрақты даму қағидаттарын енгізу, сондай-ақ өңірдегі ESG стандарттарын жетілдіру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тұрақты даму бағытындағы ынтымақтастықтың жаңа экожүйесін қалыптастыру жолдары сөз болды.

ESG саласындағы үздік корпоративтік тәжірибелер байқауы биыл көктемде жарияланып, оған Орталық Азия елдерінен энергетика, қаржы және басқа да салаларды қамтитын 59 жоба ұсынылған. Сарапшылар олардың ішінен ең үздік 13 жобаны іріктеп, арнайы жинаққа енгізді.

Семинарда ESG қағидаттарының халықаралық инвестициялар үшін маңызы да ерекше аталып өтті. Қазіргі таңда халықаралық инвесторлар компаниялардың қаржылық нәтижелерімен қатар олардың экологиялық жауапкершілігіне, қызметкерлерге деген көзқарасына және корпоративтік басқару сапасына да басымдық береді. Бұл өз кезегінде бизнестің шетелдік нарықтарға шығуы мен инвестиция тартуына тікелей әсер етеді.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Тұрақты даму және ESG жөніндегі кеңестің төрайымы Юлия Якупбаева Қазақстанда декарбонизация стратегиясын іске асыруға арналған жол картасы әзірленіп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, құжат ауыл шаруашылығы, су ресурстарын үнемдеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергия тиімділігі секілді экономиканың барлық дерлік секторын қамтиды. Бұл еліміздегі жасыл күн тәртібін ілгерілетуге және тұрақты даму қағидаттарын кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

"Қазіргі уақытта еліміздің декарбонизация стратегиясына арналған жол картасы қабылдануға дайындалып жатыр. Ондағы өзгерістер ауыл шаруашылығынан, су үнемдеуден бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен энергия тиімділігіне дейін экономиканың барлық дерлік секторын қамтиды. Мұның бәрі – әлемнің көптеген елдерінде қарқынды дамып келе жатқан жасыл күн тәртібінің құрамдас бөлігі", – деді Юлия Якупбаева.

Іс-шараға қатысушылар мұндай халықаралық алаңдар үздік тәжірибелермен алмасуға ғана емес, Орталық Азиядағы тұрақты бизнесті дамытудың ортақ тәсілдерін қалыптастыруға және өңірлік әріптестікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.