Астанада жоғары оқу орындарына грантқа түсіріп, магистратура мен докторантураға қабылдауға көмектесемін деп уәде берген ер адамға қатысты сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды ult.kz.
Қала прокуратурасының мәліметінше, сотталушы өзін білім беру саласында ықпалды байланыстары бар адам ретінде таныстырып, азаматтардан қомақты қаржы алған. Алайда уәде етілген қызметтер көрсетілмей, жиналған қаражат жеке қажетіне жұмсалған.
Тергеу барысында алаяқтық әрекеттен 111 адамның зардап шеккені анықталды. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 70 миллион теңгені құрады. Жәбірленушілердің басым бөлігіне келтірілген залал әлі өтелмеген.
Сотталушы кінәсін мойындағанымен, сот оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім 2026 жылғы 12 мамырда заңды күшіне енді.
Прокуратура азаматтарды жоғары оқу орындарына түсу мен грант алу мәселесін заңды жолмен шешуге және осындай уәде беретін адамдарға сенбеуге шақырды.