Астанада полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі ұрлық қылмысын ашты. 31 жастағы қала тұрғыны бұрын күзетші болып жұмыс істеген нысаннан 21 миллион теңге тұратын электр кабелін ұрлады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті нысанның аумағына еш кедергісіз кіріп, электр кабельдерін жасырын түрде алып кеткен. Келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 21 миллион теңгені құрады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның мәліметінше, күдікті бұрын осы нысанда жұмыс істегендіктен оның құрылымын, күзет жүйесін және материалдық құндылықтардың орналасуын жақсы білген. Тергеу нұсқасы бойынша, ол осы жағдайды өз пайдасына пайдаланған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.