Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел бұған дейін полицияға бірнеше рет шағымданған

Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел бұған дейін полицияға бірнеше рет шағымданған
видеодан скриншот

Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан Жазира Адауова бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, полицияға бірнеше рет жүгінген. Алайда марқұмның туыстары оның шағымдары тиісті деңгейде қаралмағанын айтып отыр, деп хабарлайды ult.kz KTK арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 23 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00 шамасында Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің алдында болған.

Жазира көлігін тұраққа қойып жатқан кезде, оны аңдып тұрған бұрынғы күйеуі жүгіріп келіп, көліктің есігін ашқан. Содан кейін рөлде отырған әйелге бірнеше рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында қаза тапқан.

Оқиға сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін полиция оны ұстады.

Марқұмның ағасы Елнұр Адауовтың айтуынша, бұрынғы күйеуі бұған дейін де Жазираны аңдып, күш көрсетіп, қорқытқан.

«Бір күні қарындасым есік алдына шыққанда, қолында телефоны да, ештеңесі де болмаған. Күштеп көлігіне отырғызып, “сөйлесейік” деп қала сыртына алып кеткен. Сол жерде ұрып, қылқындырған. Сол күні ішімдік ішіп, мас күйінде жүргені үшін полиция шақырдық. Ұсталып, жүргізуші куәлігінен жеті жылға айырылып, 15 тәулікке қамалды. Бірақ ол тек көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жазаланды. Ал бұған дейін отбасылық зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жауапқа тартылған жоқ», – деді ол.

Жазираның әкесі Әзімбек Бірімқұлов та қызының бұған дейін полицияға бірнеше рет шағымданғанын айтты.

Оның сөзінше, 7 қыркүйекте бұрынғы күйеуі пышақпен келген.

«Жұмысқа кетейін деп көлігін оталдырып жатқанда, салонына кіріп кеткен. Көршілер шығып, араша түскенде пышағын тастап, қашып кеткен. Сол кезде де болған жағдайды айтып, полицияға арыздандық. Ол бұрын полицияда жұмыс істеген, жұмыстан шыққанына екі-үш ай ғана болған», – деді марқұмның әкесі.

Жақындарының айтуынша, Жазира мен күдікті 10 жылдан астам уақыт бірге тұрған. Кейін араларында жанжал көбейіп, заңды түрде ажырасқан. Марқұмның артында екі баласы қалды.

Астана қаласы полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу ерекше бақылауға алынды», – деді Астана қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин.

Қазір Жазира Адауованың денесіне сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Марқұмды жақын күндері туған жері Теміртауда жерлеу жоспарланған.

Айта кетейік, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.