Астанада электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемесі (eVTOL) негізіндегі аэротаксидің демонстрациялық ұшуы сәтті өтті. Бұл сынақ Қазақстанда қалалық әуе мобильділігін дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды, деп хабарлайды ult.kz.
Демонстрациялық ұшу 24 шілдеде «Қазанат» ипподромының аумағында ұйымдастырылды. Жобаны қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы қытайлық AutoFlight компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды.
Сынақ барысында бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity электрлі әуе кемесі пайдаланылды. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес ұшу жолаушыларсыз орындалды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Қазақстанда қалалық әуе мобильділігін енгізуге қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық база қалыптастырылып жатыр. Осы мақсатта eVTOL әуе кемелерін, вертипорттарды және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйелерін реттейтін заңнамалық өзгерістер қабылдануда.
Айта кетейік, демонстрациялық ұшудан кейін AutoFlight Prosperity әуе кемесі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін Future Games 2026 халықаралық фиджитал турнирінде көпшілікке таныстырылады.