Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында қоғамдық тәртіпті бұзған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жаңбырдан кейін жиналған шалшықтың ішінде отырған екі ер адамның алкогольдік ішімдік ішіп, суды теуіп, оны балаларға қарай шашып жатқан сәті түсірілген бейнежазба анықталған.
Тексеру барысында оқиғаға қатысушылардың жеке басы анықталды. Олар – 37 жастағы Алексей Свиридов пен 35 жастағы Владимир Логвин.
Аталған дерек бойынша екеуі де ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен Алексей Свиридов 25 тәулікке, ал Владимир Логвин 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция қоғамдық орындарда азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзатын кез келген құқыққа қайшы әрекетке заң аясында қатаң шара қолданылатынын ескертті.