Ақмола облысының полицейлері Көкшетау тұрғынынан 10 млн теңгеден астам ақша алып кеткен алаяқтардың курьерін Астанадан ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 11 қыркүйекте болған. Алаяқтар 59 жастағы әйелге телефон соғып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар әйелді түрлі себеппен қорқытып, ақшасын «қауіпсіз жерге» аударуға көндірген.
Психологиялық қысымға түскен әйел барлық жинағын жинап, келген курьерге 10 млн теңгеден астам ақшаны пакетпен берген. Ер адам кетіп қалғаннан кейін ғана оның алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген әйел полицияға хабарласқан.
Жедел іздестіру барысында полицейлер ақшаны алып кеткен адамның жеке басын анықтаған. Оның Астанада тұратыны белгілі болып, Көкшетаудан жедел топ елордаға аттанған.
Курьерді іздеу жұмыстары төрт сағаттан астам уақытқа созылған. Нәтижесінде күдікті ұсталып, оның жанынан жәбірленушіге тиесілі ақша толық көлемде табылған.
«Қуанышымызға орай, қылмыскер алған ақшаның барлығын аударып үлгермеген. Ұсталған азамат телефон арқылы қоңырау шалып, Көкшетауға барып, ақшасы бар пакетті алып кету туралы тапсырма алғанын айтты», – деді полиция.
Қазір күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Ақмола облысының полиция департаменті азаматтарға мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері ешқашан «тексеру» немесе «ақшаны сақтау» үшін ақша беруді не аударуды талап етпейтінін еске салды.
Мұндай қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, полицияға хабарласу қажет.