Freedom Inside '26

Астанада «Әділет» партиясының II съезі басталды: делегаттар партияның болашағын талқылауда

Астанада «Әділет» партиясының II съезі басталды: делегаттар партияның болашағын талқылауда
«Әділет» партиясы

Елордада «Әділет» саяси партиясының II съезі өз жұмысын бастады. Жиынға партия делегаттарымен қатар қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің өкілдері қатысуда, деп хабарлайды ult.kz.

Съезге құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, телекоммуникация, туризм, кәсіпкерлік, энергетика, цифрлық технологиялар және мұнай-сервис салаларындағы ірі ұйымдардың жетекшілері жиналды. Олардың қатарында «PARYZ» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы, Қазақстанның Азаматтық альянсы, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағы, Қазақстан инвесторлары қауымдастығы, Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығы және Қазақстан автомобиль одағының өкілдері бар.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталған ұйымдардың бірқатары партия қатарына қосылып, оның ұйымдық әлеуетін күшейтуге және бағдарламалық мақсаттарын жүзеге асыруға атсалысып келеді.

Съезд жұмысына «AMANAT» партиясының өкілдері де қатысуда. Делегаттардың қарауына «AMANAT» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы мәселе ұсынылған.

Сонымен қатар күн тәртібінде партияның одан әрі дамуы, өңірлік филиалдар желісін кеңейту және ұйымдық құрылымды нығайту мәселелері қарастырылуда.

Съезд қарсаңында өткен стратегиялық сессия барысында қатысушылар партияның алдағы кезеңдегі басым бағыттарын талқылаған.

Айта кетейік, «Әділет» партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің бастамасымен құрылған. Партияның құрылу үдерісі 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституциядан кейін басталған саяси жаңғыру кезеңімен тұспа-тұс келді.

2026 жылғы 7 мамырда Астанада партияның құрылтай съезі өтіп, ресми қызметі басталған болатын. Ал 1 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі партияны мемлекеттік тіркеуден өткізді.

Бүгінде партия еңбек адамдарының, мұнай-сервис және тау-кен металлургиясы саласы қызметкерлерінің, шахтерлердің, спорт, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, кәсіпкерлік, IT және құқық саласы өкілдерінің басын біріктіреді.

Партия бағдарламасының негізіне әділеттілік, жауапкершілік, теңдік, отансүйгіштік және прогресс қағидаттары алынған. Сондай-ақ ұйым заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік және қоғамдық институттарды дамыту, өңірлерді қолдау, адами капиталды жетілдіру, цифрландыруды ілгерілету және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру бағыттарын қолдайды.

Қазіргі уақытта «Әділет» партиясының II съезі өз жұмысын жалғастыруда.